Алматыда тәулігіне 50 адам ауруханаға түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тәулігіне 50 адам ауруханаға түседі

07.01.2021

Алматыда жыл басынан бері яғни алты күн ішінде 700-ге жуық адам коронавирус жұқтырған. Қалада қазір эпидемиологиялық жағдай ушығып, мегаполис «сары» аймаққа енді. Шаһардағы соңғы ахуал туралы тілшіміз Нұрхан Нұрланұлы тікелей эфирде толығырақ баяндауға әзір.  

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:  
- Індетпен күрес күшейсе де, соңғы уақытта жіті респираторлық аурулармен және тұмаумен ауыратындар санының артуы, сондай-ақ вирус жұқтырғандардың көбеюі эпидахуалды ушықтырып отыр, дейді мамандар. Соңғы 4 айда науқастар саны 14 есе артқан. Мәселен, қыркүйекте вирус шамамен 160 адамнан анықталса, желтоқсан айында 2200-ден астам адам ауырған. Жалпы соңғы кездері індетке шалдыққандар саны күніне 90 адамнан азаймай тұр. Ал ауруханаларға тәулігіне кемінде 50 адам жатқызылады.   
Нариман Табынбаев, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 
-Біз бұл көрсеткіштерді вирус инфекцияларының маусымдық шарықтау шегімен байланыстырамыз. Инфекциялық стационарларда орын жеткілікті. Қазір жалпы орындар санының 68 пайызы, яғни, 5 145 төсек резервте тұр. 
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:  
- Ал қаланың бас санитар дәрігері болжам бойынша осы айда вирус жұқтырғандар саны 4500-ге дейін жетуі мүмкін дейді. Себебі, қаңтардың алғашқы алты күніндегі көрсеткіш нашар. Тіпті жуырда сайлау учаскелері қызметкерлерінің науқастанғаны анықталды. ПТР-тестілеу қорытындысы бойынша сегіз адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Алайда олар Орталық сайлау комиссиясының мүшесі ме, әлде бақылаушы ма белгісіз. . 
Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері: 
-Өткен жылдың соңында сайлау комиссиясының қызметкерлері, бақылаушылар, сенімді тұлғалар тестілеуден өтетіні жарияланды. 3 қаңтарға дейін 10 мың адам тіркелген. Оның ішінде 5 мыңға жуық бақылаушы мен сенімді тұлға бар. 2 күнде 5800 адам тексерілді. Қалғандары алдағы уақытта тестілеуден өтеді. Ал вирус анықталған азаматтар жұмыстан шеттетілді. 
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:   
- Сондай-ақ Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайға байланысты бақылау күшейіп, қабылданған шектеу шаралары күшінде қалатынын атап өтті. Мәселен, қала мектептерінде қосымша кезекші топтар ашылмайды. Себебі, бүгінде 311 оқушыдан вирус табылған.  

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу