Бүгінгі жас та , жасамыс та саяси науқаннан қалыс қалған жоқ. Мәселен, Шымкент қаласында 81 жастағы қария велосипедпен келіп сайлауда өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, демалыс күндері де көптің тыныштығын күзетіп, қызметте жүргендер де дауыс беріп, маңызды шараға қатысты.
Жасының ұлғайғанына қарамастан ширақ қимылдайтын Кеңесбек Сейдімбеков қашанда осы азаматтық позициясына берік. Әлемді велосипедпен шарлап саяхаттап жүрген ол киелі Түркістаннан шығып, Араб Әмірлігіне дейін жол жүрген болатын. Кейіннен Ресейдің Қазақстандағы жылына орай көрші мемлекетке де велосипедпен барып қайтты. Ал бүгінгі сайлауға Елбасы сыйлаған велосипедпен келіпті.
Кеңесбек Сейдімбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
Барлығымызды дауыс беруге шақырамын. Еліміз өркендей берсін, гүлдене берсін. Бұл сайлаудың маңызы өте зор. Қазақстан дүниежүзінде алдыңғы қатарға шықсын.
Ақтаулық құтқарушы Наурызбек Меңдібаев өрт сөндіру қызметінде 2 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында бірнеше рет тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, түтінге тұншыққан талай адамды ажалдан арашалады. Ол тәулік бойғы жауынгерлік кезекшіліктен жаңа ғана шығыпты. Елінің ертеңіне бей-жай қарамайтын азамат бірден сайлау учаскесіне келген.
Наурызбек Меңдібаев, Ақтау қалалық өрт сөндіру қызметінің аға өрт сөндірушісі:
24 сағат тәуліктік кезекшіліктен келіп тұрмын қазір ұйықтамастан, демалмастан. Елімнің алдындағы борышым ғой енді. Отбасыммен бірге келіп, сайлауда өз таңдауымды жасап кетіп бара жатырмыз.
Сайлау учаскесіне келіп, саяси еркін білдіргендердің бірі - Зинұр Сәткеш. Індет өршіген тұста ондаған адамды ажал аузынан құтқарып қалған жас дәрігер, ел тағдырына да немқұрайлы қарай алмаймын дейді.
Зинұр Сәткеш, Дәрігер хирург:
Сайлауға келіп, дауысымды бердім. Алдағы уақытта күтетінім халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруын және де медициналық қызметкерлер тарапына осыдан кейін көп көңіл бөлінетініне, көптеген проблемалардың шешілетініне сенімдімін.
Жалпы барлық аймақтарда бүгін сайлаушылар белсенділік танытты. Алайда ел алдындағы азаматтық борыш таңдау жасаумен шектелмейді. Енді таңдаулылардың өз міндетін тиісті деңгейде атқаруын талап ету шарт.
Дәуренбек Әбдібек