Ауыз суға субсидия алу жеңілдейді. Сенат аталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа нормалар сонымен қатар жергілікті атқарушы биліктің дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға да ықпал ететін болады.
Қазір ауыл халқының 87 пайызы орталық ауыз сумен қамтылған. Таза суға қол жеткізген елді мекендер саны 4 мыңнан асады. Оның 42 пайызы мемлекеттен берілетін қолдау қаржының есебінен суды жеңілдікпен тартқызып алған. Сенаторлар бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын арттыру керектігін алға тартады.
Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:-Заңнамаға жасалған талдау сумен жабдықтау объектілерін уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізу процесі көптеген ведомствоаралық келісулерді талап ететінін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, аталған келісулер 1-2 жылға дейін созылып кетуі осының дәлелі.
Бүгін мақұлданған құжатқа сай, субсидиялау едәуір жеңілдейді. Өңірлер де қолдау қаржыны уақытылы алады. Әр елді мекендегі су жүйесін жергілікті атқарушы орган басқарады. Ауыз судың текше метрі үшін төлем мөлшерін де өзі бекітеді. Бірақ ол республикадағы ең төменгі тарифтен арзан болмауы тиіс. Оны бекіту кезінде халықтың пікірі ескерілуі шарт.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Депутаттар бастамашылық жасаған осы заң ауылдық жерлерді сумен жабдықтау мәселелерін шешу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Ұсынылып отырған заң өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіндігі анық.
Төраға: «Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту - еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі» - деді. Айта кетейік, биыл ауыз суды субсидиялауға 16 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған.
Дарын Сағитов