Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Қытайдан алынған «Синовак» вакцинасы екі апталық тексерістен соң кеше Түркияда жаппай салына бастады. Екпе ең алдымен медицина қызметкерлеріне, 65 жастан асқан азаматтарға және созылмалы дерті бар науқастарға егіледі. Осыған байланысты әр өңірдегі ауруханаларда вакцина жасауға арналған арнайы бөлмелер жабдықталған. Дәрігерлердің айтуынша, адамға вакцина әсер етуі үшін арасына он күн қалдырып екі рет егілуі тиіс. Коронавирусқа қарсы екпе міндетті болмайды және елдің 18 жастан асқан азаматтарының барлығына тегін салынбақ. Екі күнде 300 мыңға жуық адамға екпе салынған.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:Денсаулық сақтау министрінен кейін мен де бүгін коронавирусқа қарсы екпе салдырдым. Вирусқа қарсы қандай себеп болса, соның бәрін қолданған жөн. Бұл 3 млн данадан кейін тағы 30 млн вакцина келеді. Әрине, ешкімді мәжбүрлеп екпе ектірмейміз. Әркім өзінің қалауы бойынша вакцина салдырады. Дегенмен мамандардың кеңесіне құлақ асып, коронавирусқа осы екпе арқылы тосқауыл қоямыз деп санаймын.
Айдос Әшімұлы