Индонезияда 6,2 балдық зілзала болып, 35 адам қаза тапты. Тағы 600-ден астамы жараланған. Оқиға Сулавеси аралында болды. 10 шақты жер асты дүмпуінен 300-ге тарта үй мен ғимарат қирады. Олардың ішінде аурухана, өңір губернаторының кеңсесі мен екі ірі қонақүй бар. Апат салдарынан 15 мыңдай тұрғын үйлерін тастап қашқан. Қазір оларды қауіпсіз жерге көшіру мәселесі қарастырылуда. Құтқарушылар болса үйінділерді аршып, іздестіру жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатыр. Мемлекет билігі жер сілкінісі әлі де қайталануы мүмкін деп ескертті.
Осы апатқа байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезиялық әріптесі Джоко Видодоға көңіл айтты. Мемлекет басшысы жеделхатта Индонезия халқының қайғысына ортақтас екенін айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Жансая Қапасқызы