Бүгін Ресейде жаппай вакцинациялау басталды. Тұрғындар елде шығарылып, тиімділігі дәлелденген «СпутникV» немесе енді ғана тіркелген «Эпиваккорона» екпесін салдыра алады.
Индира Бегайдар, тілші:-Жалпы вакцинациялау тегін. Егер оны жеке емханада салдырамын десеңіз, тек дәрігерлердің қызметі үшін ақы төлейсіз. Ресейде 10-шы желтоқсанда денсаулық, қорғаныс саласының мамандары, мұғалімдерге және созылмалы ауруы бар адамдарға вакцина егіле бастаған. Осы күнге дейін бір миллионнан астам тұрғынға екпе салынды. Енді бұл тізім кеңейтілді. Бүгіннен бастап барлық азаматтарға, оның ішінде жасы 60-тан асқан тұрғындарға да жаппай вакцина егіле бастады.
Александр Арутюнов, дәрігер:-Нәтижесінде азаматтар індетке шалдықса да ауру жеңіл түрде не симптомсыз өтеді. Тек вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетке қол жеткізе аламыз. Себебі біз бір жылдан аса вирусты зерттеп, емдеу тәсілдерін қарастырып жатырмыз, ол болса өзгеріске ұшырауда. Екпе саларда әр адамның денсаулық жағдайы, жас ерекшелігі ескеріледі. Аллергияның ауыр түрі, қатерлі ісікке шалдыққандарға екпе егілмейді.
Екпе салынғандарға арнайы сертификат беріледі. Оны ПТР-тест анықтамасын талап еткен мекемелер мен әуежайда көрсетуге болады. Ал мамандар вакцинациялауды баршаға міндеттеп, еңбек келісімшартына енгізуді ұсынып отыр. Қаңтар айының соңына дейін коронавирус инфекциясына қарсы екпенің шамамен 2,1 млн дозасы шығарылады.
Индира Бегайдар