Павлодарда қалдық сулар бірнеше күннен бері тазаланбай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда қалдық сулар бірнеше күннен бері тазаланбай жатыр

18.01.2021

Павлодарда бірнеше күннен бері ассенизатор көліктерінің иелері жұмысқа шықпай қойды. Себебі, Жаңа жылдан бастап қалалық су арнасы қызмет көрсету ақысын еселеп, көтеріп жіберген. Соның кесірінен жер үйлердің аумағындағы қалдық сулар тазаланбай, көшеге ағып жатыр.  

Қаланың қақ ортасында тұрса да кәріз жүйесіне қосылмаған үйлердің тұрғындары бірнеше күннен бері қалдық суды қайда төгерін білмей дал. Үйдегі ыдыстың бәрі жуындыға толған. Мүңкіген иістен демалу мүмкін емес. Ассенизатор көліктері бірнеше күннен бері қара көрсетпей-ақ қойды дейді тұрғындар.

Олеся Семенова, қала тұрғыны: 
-Үшінші күн ассенизаторлар келмейді. Ал, қалдық су құбырдан асып, аулаға жайылып жатыр. 8 бірдей мекемеге хабарласып бірде-бір көлік таба алмадым. Келмейміз-дейді.  

Су арнасы мекемесі аяқ асты қызмет көрсету ақысын көтеріп жіберген соң, қалдық суды жинайтын көлік иелері жұмыс істеуден бас тартыпты. Қала бойынша бекітілген ортақ баға бар. Тұрғындар әр шақырту үшін 3 мың теңге төлейді. Ал, ассенизатор иелері ай сайын әр көлік үшін су арнасына 10 мың теңге төлейтін. Енді олар кіріп-шыққанға 1 мың теңге сұрап отыр.  

Қанат Әбрахманов, кәсіпкер: 
-Қалдық суды қабылдағаны үшін әр текше метріне 163 теңгеден сұрап отыр. Алматының өзінде 1 текше метрі 53 теңге. Ассенизатор қаланың санитары. Тазалық қажет болса бізді неге қыспаққа алады? 

Қалалық су арнасы мекемесі бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермеді. Бірақ, монополист компанияның бағаны неліктен көтергенін енді құзырлы орган тексермек.   

Мирас Зеріпбаев, Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары:  
-Кәріз жүйесіндегі қалдықтарды қабылдау тарифі бүгінге дейін өзгерген жоқ. Тек заңды тұлғалар үшін 1-ші ақпаннан 10 пайызға көтеріледі. Бұрын 145 теңге болса енді 160 теңге төлейді. Ал жеке тұлғалар үшін сол күйінше қалады. Сондықтан біз осы мәселеге қатысты тексеру жүргіземіз. 

Қазір аяз бар. Ал, күн сәл жылыса кәріз құдықтарынан шыққан қолаңса иіс бүкі қаланы алып кетпек. Сондықтан шаһар әкімшілігі мәселені тез арада шешсе дейді тұрғындар.

Болат Аманбаев   


Хабарламаларға жазылу