Ковидке қарсы дәрілерге министрлік бекіткен шекті бағаға дәріхана иелері қарсы. Айта кетейік, 200-ден астам препараттың құнын төмендету туралы бұйрық заңды күшіне ертең енеді. Алайда жекеменшік дәріхана иелері аталған талапқа наразы. Себебі министрлік қойған баға нарық заңына мүлде сәйкес емес, яғни, дәріні көтерме саудадағы құнынан да арзан сатуға мәжбүрлеп отыр дейді. Мұндай жағдайда дәріханалар табысынан айырылуы мүмкін. Сондықтан олар бұйрықтың күшін жоюды немесе қайта қарауды талап етті. Бұған қатысты министрліктің жауабы кешке дейін белгілі болады.
Талғат Омаров, дәріхана иесі:
«Сумамедты» алайық. Біз өзіміз 4600 теңгеге сатып аламыз, соның бағасын 3641 теңгеге түсірген. Көрдіңіз бе 1000 теңге шығынға батамын. Сондықтан сатпаймын. Мен сияқты бүкіл Қазақстанның дәріханалары сатпай қоятын болса, ертең халыққа дәрі жетпей қалатын қаупі бар.
Амангелді Сейітхан