Елордадағы жұқпалы аурулар орталығы науқастарға лық толды. Бұл туралы орталықтың инфекционист дәрігері айтты. Қарлығаш Қанатқызының сөзінше, коронавирус жұқтырып, дәрігер көмегіне жүгінгендер әсіресе, 10 қаңтардан бастап күрт көбейген. Олардың дені орташа және ауыр дәрежедегі науқастар. Және көпшілігі іштің өтуі, құсу, жүректің айнуына шағымданған. «Бұл – мутацияға ұшыраған вирустың жаңа симптомдары»,-дейді дәрігер.
Қарлығаш Қанатқызы, қалалық жұқпалы аурулар орталығының инфекционист дәрігері:
Індеттің жаңа белгілері - іштің өтуі, құсу, жүрек айну сынды симптомдар пайда болуда.
Осы ретте мамандар халықты сақтанып жүруді ескертіп, көпшілік шоғырланатын орындарға бармауға кеңес береді. Себебі қазір елде эпидахуал ушығып, карантиндік шаралар бірте-бірте күшейіп келеді. 6 өңір «қызыл» аймаққа өтсе, 3-уі «сары» аумақта тұр. Соған қарамастан, қазіргі уақытта ел ішінде ұшақпен не пойызбен әрі-бері қатынайтын азаматтардан ПТР анықтама талап етілмейді.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
Бүгінгі күнгі талап бойынша ел ішіндегі қарым-қатынасқа ешқандай ПТР тест нәтижелері қажет емес.