Тұрғын үй бағасы қымбаттап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үй бағасы қымбаттап барады

20.01.2021

Үкімет зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін халыққа бере алмай жатқанда, елімізде пәтер бағасы 15 пайызға дейін қымбаттап кетті. Бұл соңғы бір жылдағы көрсеткіш. Сарапшылар бұл жағдайды дәл осы зейнетақы жинағын мақсатты пайдалану бағдарламасымен байланыстырып отыр.  

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пәтер алуға жұмсауды жоспарлап отырғанның бірі – Қуаныш. Ол құжаттарын жинап, өтініш те жазып қойған. Тек бағаның көз ілеспес жылдамдықпен өсуі, қала тұрғынын уайымдатып отыр. Бұлай жалғаса берсе, қолымызға тиген қаражат алғашқы жарнаға да жетпей қалады дейді ол.

Қуаныш Кешубай, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:  
-Мен өтініш жазып қойдым. Енді сол жағалаудағы пәтерлердің бағасын қарап отырмын. 17 млн-нан басталады, 20 млн-ға дейін көтеріліп кеткен.   

Қуаныштың сөзін сала мамандары да растап отыр. Елорда пәтерлерін аралап көрдік. Жаңа үйлердің шаршы метрі 300 мың теңгеден кем түспейді. Дегенмен сарапшылар бұл уақытша кезең дейді. Себебі зейнетақы қорынан халықтың 6% -ы, яғни 700 мыңнан астам адам ғана ақша ала алады.

Еламан Кеңесбеков, Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:
-2020 мен 2021 жылды салыстырғанда 15-20 пайыз өскен. Бұл басында программа дегеннен кейін көбісі соның арқасында жақсы пайда тапқысы келеді. Екі айда, жазға таман нарық тұрақтанады, баға орнына келеді. 

Ел бойынша Қарағанды мен Павлодарда үй бағасы ерекше қарқынмен өсіп жатыр. Ал ең қымбат қалалар қатарында әлі де Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһары тұр.

Жәрдем Ақбисенов, Қазақстан біріккен риэлторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі:  
-Алматы қаласы бойынша пәтерлер сатып отырмыз. 74-80 шаршы метрлі 3 комнаталы пәтерлердің бағасы 30-32 млн болып тұр еді, қазір 35 млн-ға дейін көтеріліп кетті. Бұл соңғы 1 айдың ішінде болған жағдай. Яғни 3 млн үстіне қосылғаны, 10 пайызға дейін қымбаттағанын көрсетіп отыр.   

Елімізде ең арзан пәтер бағасы Тараз қаласында дейді сарапшылар. Бірақ риэлторлар Таразда да бағаның қымбаттап жатқанын жеткізді.

Экономист мамандар бағаның тұрақсыздығы наурыз айына дейін жалғасуы мүмкін дейді. Ал одан кейін пәтер құнының қымбаттау-арзандауы 2 факторға байланысты болмақ. 

Бауыржан Ысқақов, экономист: 
- Егерде инфляция болып, теңгенің құны төмендеп, доллар қымбаттаса баға автоматты түрде өседі.   
Ақниет Балтанова, тілші:  
-Сондай-ақ, сақа сарапшылар тұрғын үй бағасының тұрақтылығын қадағалайтын арнайы орган яки мемлекеттік мекеме болуы керек деп санайды. Әйтпегенде республикадағы маңызы бар 3 мегаполистен бөлек, өзге өңірлерде де пәтер құны шарықтап тұр. Ал оны сатып алуға қарапайым қарашаның хал-ауқаты жетпейді. 

Ақниет Балтанова 


Хабарламаларға жазылу