Кепебұлақ ауылында интернеттің жоқтығынан балалардың білім сапасы төмендеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кепебұлақ ауылында интернеттің жоқтығынан балалардың білім сапасы төмендеп барады

21.01.2021

Алматы облысының Кепебұлақ ауылында ғаламтордың жоқтығынан оқушылардың білім деңгейі төмендеп барады. Осылайша дабыл қаққан ата-аналар елді мекенде интернет түгілі ұялы байланыс та сапасыз деп отыр. Қыстың көзі қырауда оқушылар мен студенттер ауыл сыртына шығып, ғаламтор іздеп тау-тасты аралап кетеді.  

Студенттер мен оқушылар үнемі осылай ауыл шетіне шығып, ұялы байланыс ұстайтын жерді іздеуге мәжбүр. Байланыс мүлдем болмай қалса, кейде көрші елді мекенге баруларына тура келеді. Жазда күн ұзақ, әрі жылы болса, қазір Кетпен тауының етегіндегі ауа райы да құбылмалы.

Айерке Сайран, студент: 
-Қыз бала үшін көрші ауылдарға қатынасу өте қиын десе болады. Үйге қайтқан кезде мысалы қасқыр жеп қоюы мүмкін. Иттер талап қоюы мүмкін. Ертең олардың денсаулығына, өмір қауіпсіздігіне ешкім жауап бере алмайды.  
Бекарыс Еркін, оқушы: 
-Бізде өте қиын болып жатыр. Мен мектепте өте жақсы оқып жүр едім. Бірақ онлайн арқылы кішкене төмендеп қалдық. Бәріміздің білім деңгейіміз төмендеп кетті. 

Ауылда небәрі 100-ге жуық оқушы бар. Ал облыстың бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысында бала саны 300-ге дейінгі мектептерде үшінші тоқсанда офлайн оқуға рұқсат берілген. Бірақ Ұйғыр ауданы бойынша эпидахуал нашар болып тұр.

Кеуерхан Ахметова, ардагер ұстаз: 
-Жазылым, оқылымдармен ғана жұмыс істеп жатырмыз. Енді ойлаңыз мемлекеттік стандарттар түгел орындалып жатыр ма? Енді амалдың жоқтығы. Ал енді біздің ауыл вирустан таза. Мектепке шақырып оқытсақ та жетіп жатыр еді. Бірақ оған ауданның ішінен вирус көп шыққан соң рұқсат етпей отыр.  

Ғаламтор да жердің алшақтығынан бұл ауылға жетпей қалған. Ал әкімдіктегілер ұялы байланыс операторларымен интернет мәселесін шешу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын алға тартып отыр.

Дархан Ызғарбек, Ұйғыр аудандық мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы: 
-Ауылда жер телімі таңдалды. Осы жерге антенналық мұнара орнату керек. Осы мәселені биыл шешеміз деген жоспарымыз бар. 

Жалпы Алматы облысындағы 700-ден астам елді мекеннің 36-сында ғаламтор мүлдем жоқ. Ал Кепебұлақ сияқты ауылдарға интернет желісі тартылғанымен қуаты нашар болып тұр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу