Арқалық қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қыс түскелі жылу мардымсыз деп шағымдануда. Суық пәтерде бүрсең қаққан жұрт электр пештерін қосуға мәжбүр. Ал сала мамандары отын жеткілікті, қазандық қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр дейді.
Қаланың орталығында тұратын Гүлнара Өтегенованың пәтері шағын, бір бөлмелі ғана. Сонда да үйдің іші азынап тұр. Есік, терезесін қанша қымтасам да жылымай-ақ қойды дейді ол.
Гүлнәр Өтегенова, Арқалық қаласының тұрғыны:-Қалың киіммен жүрмесең, жылу жоқ бөлмемде.
Ал, жылу энергетика орталығының мамандары қазандық қалыпты жайдайда жұмыс істеп тұрғанын айтады. Отын қоры да жеткілікті. Ал пәтерлердің жылымайтыны көпқабатты үйлердің дені ашық-тесік, жөнделмеген. Сондықтан әсіресе желді күндері суып кетеді. Мұның сыртында қаланың жылу жүйесі 60-шы жылдардан бері жаңартылмаған.
Арқалықта әзірге жылу құны арзан, шаршы метріне орта есеппен 47 теңгеден келеді. Әрине бұл мазутқа бюджеттен жыл сайын бөлінетін, 2,5 млдр теңге дотацияның арқасы. Ал келер жылы қазандық көмірге көшсе, төлемақы қымбаттайды. Құны 7 млдр 500 миллион теңге тұратын жаңа орталықтың құрылысы күзде аяқталуы тиіс.
Ернұр Исмағанбетов, Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:-Енді қазір қатты отынға ауысқан жағдайда көмірге, жоба өз құнын 4 жылда өтеп шығады деген жоспар бар. Өйткені көмірдің бағасына байланысты нарықтағы орташа есеппен 700-800 миллион жылу маусымына шығын кетеді.
Бірақ жаңа орталықтың арқасында бюджет қаржысы үнемделгенімен, тұрғындарға еш пайдасы болмайын деп тұр. Себебі инженерлік желі жаңартылмай, суық пәтерлер жылымайды. Ал, жылу желілерін жөндеу әзір жоспарда жоқ.
Дәуренбек Әбдібек