Еуропалық Одақ Шенген аумағында маңызды емес сапарларға тыйым салуы мүмкін. Бұған эпидахуалдың ушығуы себеп. Мемлекеттер шекараларын жаппауға, алайда жолаушылар саяхатын қатаң бақылауға келісті. Ал ұйымға кірмейтін елдерден барғандар міндетті түрде ПТР тест тапсыруы тиіс.
Ұлыбритания оқшаулау режимін бұзғандарға мың долларға дейін айыппұл салады. Сонымен қатар, ел билігі жазғы демалыс үшін шетелге алдын ала билет алмауға кеңес берді. Себебі елде инфекцияның таралуы күшейгендіктен, карантин тағы ұзартылуы мүмкін.
Ал Колумбияда ковидтен қайтыс болғандар саны 50 мыңнан асты. Күніне 20 мыңдай адам дертке шалдығып, жалпы науқастар саны 2 миллионға жуықтап қалды. Ауруханаларда жан сақтау бөлмелері 90 пайызға толы. Індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, елге вакцина әлі жеткізілмеген.
АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина жетіспей, арнайы орталықтар жабылды. Өндірушілер препараттарды уақтылы жеткізбеуде. Дәл осындай жағдай Италия мен Сауд Арабиясында да байқалып, екпе егу науқаны тоқтатылып жатыр.
Жансая Қапасқызы