Ресейде 1,5 миллионнан астам адам вакцина салдырды. Тек Мәскеудің өзінде үш күнде 2 мыңнан астам тұрғынға екпе егілсе, 100 мың адам алдын ала кезекке жазылып қойған. Вакцина салдырғандардың ең жасы 18-де, ал ең кәрісі 99-да. Осыған дейін тек қорғаныс, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мұғалімдерге ғана екпе егілсе, енді тізім кеңейтілді, шектеу жоқ. Жасы 65-тен асқандарға да, шетелдік азаматтарға да салуға рұқсат.Тіпті сауда орындарында арнайы кабинеттер бөлініп, екпе тегін салынып жатыр. Мамандардың мәліметі бойынша, халықтың 60 пайызын, яғни 70 млн тұрғынды қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде күзге қарай ұжымдық иммунитет қалыптасады деген болжам бар. Қазір Мәскеуде шектеу шаралары жеңілдетілді. Мектептер, колледждер қайтадан штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Иван Мельников, дәрігер:-Жаңа жылдан соң вакцинациялауға қатысамын деген адамдардың саны күрт артты. Вакцинаның жаңа партиясын зерттей келе егде жастағыларға да екпе салуға қауіпсіз екені дәлелденді.
Индира Бегайдар