Зейнетақы жинағына қатысты платформа ертеңнен бастап іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы жинағына қатысты платформа ертеңнен бастап іске қосылады

22.01.2021

Зейнетақы жинағына қатысты бағдарлама ертең іске қосылады. Оператор өтінімдерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Енді enpf-otbasy.kz. сайтында жеке кабинет ашып немесе электронды қолтаңба арқылы құжаттарды рәсімдей аласыз.  

Зейнетақы жинағын жұрт ертеңнен бастап қажетіне жарата алады. Бірақ, әзірге тек үй алуға мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін онлайн платформа таңмен іске қосылады. Өтінім бір аптада қаралады. Демек, жақын күндері тұрғындар зейнетақының бір бөлігі арқылы баспанаға қол жеткізе бастайды.  

Жансұлтан Матаев, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ орталық филиалының директоры:  
-Одан кейін есепшотты ашу керек. «Отбасы банкінде», болмаса өзінің қалауы бойынша екінші деңгейлі банктерден. Үшінші қадам – ол ертең 9-да «Отбасы банкінде» портал ашылады. Сол порталға өзінің электронды қолтаңбасы арқылы кіреді. Сосын жеткілікті мөлшердегі ақшаны қай мақсатқа пайдалантының көрсетіп өтінім береді.  

Зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері бекіді. Сонымен, екінші деңгейлі банктермен бірге Ислам банкі де тізімге енді. Яғни, сол қаржы институттарындағы ипотекалық қарызыңызды өтей аласыз. Бұдан бөлек, пәтер, жеке үй, тіпті жатақханадан бөлме де алуға болады. Ипотекаға жаңа немесе ескі үйлерді таңдауға шектеу жоқ. Қарызды бөліп немесе толық төлеуге мүмкіндік бар. Тағы жеке тұрғын үй де сала аласыз.  

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы:  
-Ережеде барлығы жазылып тұр. Екі күн арасында біз өтінішті қарап шығамыз. Сосын бес күн ішінде, бес күн енді ол жұмыс істейтіндер күндер. Бәрі жеті күн болады бірге болса. Сол жеті күн арасында ол ақша сіздің есепшотыңызға, арнайы шотыңызға келеді.  

Жұрт жинаған ақшасын өзіне ғана емес, туысына да жарата алады. Жалпы, қаржылық операцияларды «Отбасы банкінен» бөлек, Халық банкі де іске асырады. Көрсетілетін қызметер түгелі тегін. Комиссия ұсталмайды. Барлық жұмыс онлайн жүргізіледі. Айта кетейік, қаражат шотқа түскеннен кейін қажетті құжаттар 45 жұмыс күні ішінде реттелуі тиіс. Кешіктірілсе, зейнетақы қорына қайта қайтарылады.  

Асима Нұрбайқызы, тілші:  
-Жинақтағы ақшамен алған үйіңізді 5 жылда сата алмайсыз. Бұл нарықтағы баспана бағасының қымбаттап кетпеуі үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, жинақтың бір бөлігі емделу үшін берілетіні де белгілі. Ал оның талаптары осы айдың соңына дейін белгілі болады.   

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу