Біздің елімізде ақпанның бірінен ресейлік вакцинаны жаппай егу басталатыны тағы хабарланды. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел жәрдем қызметінің, реанимация және қабылдау бөлімдерінің, санитарлық эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері егіледі. Бұл шамамен 100 мың адам дейді Денсаулық сақтау министрі А.Цой. Бірінші екпе салынғаннан кейін 21 күннен соң екінші дозасы егіледі.
Сонымен бірге вакцина егілгені көрсетілген электронды паспорттар беріле бастайды. Бірден айтайық, онсыз жүріп-тұруға, ел ішінде сапарлауға болмайды деген сөз жоқ. Тек вакцина салғызбаған шетелдікті кіргізбеу туралы кейбір мемлекеттер ереже шығаруы мүмкін, сонда керек болады.
Денсаулық сақтау министрлігі жаппай егуге дайынбыз, ұйымдастыру мен өткізудің методикасы әзірленген, ең бастысы, вакцинаны сақтау, тасымалдау алгоритмі жасалды, деп отыр. Сонымен бірге ерікті түрде салынатынын айтты. -Салғызбауға әркімнің хақы бар, дейді.
Ал отандық ғалымдар ойлап тапқан вакцина қашан шығады? Жалпы екпе елдің бәріне тегін бе? Екпеге байланысты кейбір сауалдарға Данияр Қайыртай жауап іздеп көрді.