Елде індет дендеп барады. Вирусқа шалдыққандар саны күрт өсіп, еліміз «қызыл» аймаққа кірді. Бірқатар облыстарда карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді. Ресми орган инфекциядан емделіп жатқандар арасында 311 адамның жағдайы ауыр деп отыр. Вирус балалар арасында да көптеп анықталуда. Мәселен, Қызылордада жыл басынан бері 22 оқушы коронавирус жұқтырған.
Түркістан облысы Созақ ауданында уран өндіретін компанияның 90 жұмысшысы індетке шалдықты. Бүгінде кәсіпорындағы Мойынқұм мен Төртқұдық өндірістік учаскелерінде карантиндік режим күшейтіліп, 600-ден аса қызметкер арнайы тексеруден өткізілген. Өңірде вирусқа шалдыққандар арасында балалар көбейіп барады. Мәселен, жыл басынан бері 80-ге тарта оқушының кесел жұқтырғаны белгілі. Аймақта, әсіресе, вирусты отбасымен жаппай жұқтыру дерегі артқан.
Ал Ақтауда 9-сынып оқушысынан қатерлі індет анықталды. Жеткіншек вирусты анасынан жұқтырған. Ол қазір үйінде. Денсаулығына қатысты шағым жоқ. Осы жағдайдан кейін оқушының сыныбы онлайн оқуға көшіріліп, байланыста болған 24 адам карантинге жіберілді. Мектепте дезинфекция жүргізілді.
Атыраудағы мұнай өндіретін Теңіз кен орнында да жағдай ушығып тұр. Өткен тәулікте кәсіпорынның тағы 81 жұмысшысы вирусқа шалдықты. Бүгінде кеніштің инфекциялық стационарында 840 адам оқшауланған.
Шығыс Қазақстанда шектеу шаралары 7 ақпанға дейін ұзартылды. Өңірге Павлодар облысы жағынан кіретін жолдарға екі санитарлық бекет қайта қойылды. Сондай-ақ, мұндай бекеттер мемлекеттік шекарада тұрған автокөлік өткелдерінде де бар. Соңғы тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясы 31 адамнан анықталды.
Ал бүгіннен бастап Павлодар облысында халықаралық, қалааралық және ауданаралық бағыттағы жолаушы тасымалдайтын автобустар түгелдей тоқтатылды. Себебі өңірде эпидемиологиялық жағдай нашарлап, аурулар саны күрт көбейген. Соңғы тәулікте 217 адамнан короновирус анықталды. Сырқаттар шекарадағы өткізу бекеттерінде де жиі анықтала бастады.
Тараз қаласы ауру жұқтыру көрсеткішінің күрт артуына байланысты «сары» аймаққа ауысты. Жыл басынан бері өңірде індет жұқтырудың 419 жағдайы анықталса, оның 241-і облыс орталығынан тіркелген. Жаңа қаулыға сай, енді жабық базарлар мен ойын-сайық орталықтары жұмысын тоқтатады.
Жандос Темірғали