4 күнде 39 мыңға жуық адам жинақтағы ақшасын алуға өтініш берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

4 күнде 39 мыңға жуық адам жинақтағы ақшасын алуға өтініш берген

26.01.2021

Салымшылардың дені жинақтағы қаржысын ипотека жабуға жұмсамақ. Өтініш бергендердің көбі осы бағытты қалаған. Порталға қазірдің өзінде 40 мыңға жуық адам ақшасын алу үшін өтінім жолдапты.

Мейрамгүлдің банкке 4 жыл қарызы бар. Ипотекамен үй алған. Ондағы берешегін зейнетақы жинағының бөлігінен жаппақ. Жұмыс орнынан жылжымай-ақ, орнында отырып онлайн өтінім жіберді.

Мейрамгүл Жұбаниязова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
-Жалпы шекті сомадан бөлек өзімнің алатын сомам 3 млн 600 мың теңге екен. Соның ішінде 3 млн 6 мың теңгесін ипотекалық займды өтеу үшін жіберіп отырмын. Айына 65 мыңнан төлейтін болғам енді өтінім жақсы өтіп басқа сома болмайды. Енді бір жұмада хабарын берсе, әрмен қарай басқа да шарттарды орындап жақсы жаңалық күтемін.

Ал қарағандылық Ғафиз жинақтағы ақшасына баспана алып, балаларына сыйлауды жоспарлап отыр.

Ғафиз Оспанов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Өзімнің жасыма байланысты, сондай-ақ өмір бақи бюджетте істегеннен кейін, ақша қаражатын ипотекалық үй алуға жұмсасақ па дегенбіз балаларымызға. Соны барып зейнетақы қорына есептетеміз деп отырмыз. Егер заң жүзеге асып жатса көбіне ипотека жағынан тиімді.

Сайт іске қосылған 4 күннің ішінде порталға 39 мыңға жуық қазақстандық өтінім берген. Олардың жартысына жуығы ипотеканы жабуды қалаған. 18 пайызы тұрғын үйді ипотекасыз яғни, толық төлем жасап сатып алғысы келеді. 17 пайызы зейнетақы жинақтарын туыстарына бергісі келсе, 7 пайызы отбасы банкінен ипотека алғысы келетінін көрсеткен. Ал қалғандары жеке тұрғын үй құрылысына, бастапқы жарна мен қайта қаржыландыру үшін алатынын жазыпты.

Бірақ, бұл нақты көрсеткіш емес. Сандар алдағы күндері әлі де өзгереді. enpf-otbasy.kz сайтының жұмысы жалғаса бермек. Тек өтінім бергенде кейбір жайттарға назар аудару қажет деп отыр мамандар. Әйтпесе, өтінішіңіз кері қайтарылуы мүмкін.

Жансұлтан Матаев, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ орталық филиалының директоры:
-Өтінімдері қабылданбай жатқандары болды. Себебі олар соманы көрсеткен кезде дұрыс көрсетпеген. Көпшілігінде нүктенің орнына үтір пайдаланбаған. Сондықтан мүмкіндігінше алатын соманы нақтылап алып, оны жүздікке дейін, мыңдыққа дейін сәйкестендіріп алған дұрыс болады.

Ал сарапшылар жинақтағы қаржы нарыққа түссе, баспана бағасына әсер етеді деген еді басында. Бірақ, қазіргі көрсеткіш бойынша жұрт ақшасын үй алуға емес, бұрын алған баспанасының қарызын жабуға жұмсамақ. Демек, баға саясаты өзгере қоюы екіталай деп отыр экономист.

Ғалымжан Есқараұлы, экономист:
-Тұрғын үйдің қымбаттауына әсер етпеуі керек. Кейбір сарапшылар айтып жатыр тұрғын үйдің бағасының қымбаттауы мүмкін деп. Біз әрине солай қауесетті жіберіп қоямызда халықтың құлағы үйрене берсін дегенмен. Бірақ біз оған жол бермеуіміз керек.

Жалпы, 721 мың қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Бұл шамамен 1,4 триллион теңге.

Асима Нұрбайқызы


зейнетақы жинағын пайдалану

Хабарламаларға жазылу