Коронавирусқа қарсы екпе әр қазақстандық үшін тегін. Вакцинация мемлекет есебінен жүргізіледі. Ол үшін бюджеттен 50 млрд теңге қарастырылған. Бастапқыда екпенің 20 мың дозасы Ресейден тікелей жеткізілмек. Шетелдік вакцинаның қалғанын қазақстандық компания өзі өндірмек. Алғашқы кезеңде медицина мамандарымен қатар денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де екпе салдырмақ ниетте.
Екпе алғашында 0,5 мл мөлшерінде, ал жартысы 21 күннен өткен соң егіледі. Ол иық бұлшық етіне салынады. Вакцина бөлме температурасында сақталуы керек. Бір флакон 5 адамға жетеді. Екпенің методикалық әдістерін үйрету мақсатында мамандар арнайы курстан өткен. Вакцинация жүргізер алдында тұрғындардың денсаулығы тексеріледі. Егер дене қызуы жоғары болса, екпе салуға болмайды.
Марат Шоранов, ҚР ДСМ вице-министрі:- Вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.
Екпе тек ерікті түрде жүргізіледі. Министрлік халықты мәжбүрлемейтінін тағы ескертті. Алайда, вакцина 18-ге толмаған балаларға, 65-тен асқан қарияларға, аллергиясы бар адамдарға, жүкті әйелдерге мен омырауда баласы бар аналарға мүлдем салуға болмайды. Созылмалы ауру бар науқастар да аса сақтықпен салдырғаны жөн. Вакцина салдыратын азаматтарға арнайы паспорт әзірленбек. Ол екпе салынғандардың санын есепке алуға, әрі халықтың иммундық мәртебесін анықтау үшін керек. Ақпанда Ресейден 20 мың доза екпе жеткізілмек. Вакцинанын бұл түрі ары қарай Қарағандыда өндіріліп, көлемі жазға дейін 2 млн-ға жеткізілмек. Егер оған дейін отандық екпе дайын болса таңдау халықтың өзі жасайды.
Марат Шоранов, ҚР ДСМ вице-министрі:-Қазіргі кезде біздің бас санитарлық дәрігеріміз Ерлан Қиясов мырза және Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ханым бүгін Sputnik V вакцинасын салдыруға дайын. Жеке өзім қазақстандық вакцинаны таңдап отырмын. Бұл вакцина қолжетімді болған сәтте, алғашқылардың бірі болып осы екпені аламын бүкіл әлем вакцинацияның иімділіген көз жеткізіп отыр. Егер екпе салдырсақ, бізге үйреншікті өмірге оралуға, балаларды балабақшаға беруге, жастардың оқуға оралуына қауіпсіз қарым қатынас жасауға мүмкіндік бермек.
Қазақстандық екпенің үшінші клиникалық кезеңінде 3000 еріктіге салынды. Қазір оларға динамикалық бақылау жүргізілуде. Егер соңғы кезең сәтті аяқталса, 2 млн доза өндіріледі. Ал тері арасына чип салынады деген ақпарат жалған. Егер жұрт тағы да мұндай фейк ақпараттар тарап жатса 3 мың айлық есептік көрсеткіштен жоғары айыппұлмен қатар, 3 жылға дейін сотталады. Қазір 8 өңір қауіпті аймақта тұр. Ауырғандардың 73 пайызы осы өңірлерде науқастанған. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі жұмыс істемейтін зейнет жасындағы азаматтар. Қазір аурухананың 31 пайызы науқаспен толықты. 374 науқастың жағдайы ауыр.
Раушан Сайлауқызы