Коронавирустың «оңтүстікафрикалық» түрі «британиялық» штамнан әлдеқайда қауіпті. Бұл туралы Ресей ғалымдары хабарлады. Мәлімдемеге сай, ковидтен емделіп шыққан адам, ағзадағы антиденелерге қарамастан, инфекцияның жаңа түрін жұқтыруы мүмкін.
Осы орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны коронавирустың мутацияланған түрлеріне жылдам бейімдеп шығару керектігін айтты. Олардың айтуынша, қолданыстағы препараттар жаңа штамдарға қарсы тиімсіз болуы мүмкін.
Індет ешкімді де аяп жатқан жоқ. Колумбияда коронавирустан қорғаныс министрі қайтыс болды. Елде вирустың таралуы өршіп, дертке шалдыққандар саны 2 миллионнан асты. Инфекцияның жаңа түрлерінің шығуына байланысты, Бразилиямен әуе қатынастары бір айға тоқтатылды.
Ал АҚШ-та ковидке қарсы вакцинация қарқынды жүріп жатыр. Кей орталықтарда жүргізушілерге көліктен түспестен екпе салынуда. Жалпы елде коронавирус жұқтырғандар саны 25 миллионнан асып, 430 мыңдай науқас қайтыс болды.
Жансая Қапасқызы