Сарапшы пікірі: Пәтерлердің шекті бағасын белгілеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшы пікірі: Пәтерлердің шекті бағасын белгілеу керек

28.01.2021

Негізсіз қымбатшылыққа жол бермеу үшін пәтерлердің шекті бағасын белгілеу керек. Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары осындай ұсыныс жасады. Айтуларынша қазіргі қымбатшылық уақытша. Бірнеше айда баға түсіп, тұрақталады дейді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында баспана қолжетімділігін арттыру жайлы айтқан Президент те бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін тапсырған.
Баспана қолжетімділігін арттыру – Президент тапсырған басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта түрлі тұрғын үй бағдарламалары іске асып жатыр. Бірақ көрсеткіш төмен дейді Мемлекет басшысы. Мәселен өткен жылы «5-10-20» бағдарламасы арқылы небәрі 5 мың өтініш мақұлданған. Яғни жоспар небәрі 56 пайызға орындалды. Оның үстіне зейнетақы қорындағы ақшаны пәтерге деп алуға рұқсат берілгені белгілі. Бірақ бұл қолжетімділікті арттырғанымен, баспана бағасының қымбаттауына алып келді.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
-Қайсібір саладағы экономика қосымша ақша массасы тасталса, ол жердегі баға өзінен өзі шарықтайды. Бұл заң. Ал енді қазіргі кезде тұрғын үй жүйесіне беріліп жатқан ақша әрине тұрғын үйдің бағасын шарықтатады. Әрбір адамның үстіне мылтықпен қойсаң да, оны ешкім тоқтата алмайды.
Баға өскенімен, оның негізсіз қымбаттауына жол бермеу керек. Мемлекет басшысы мұны қадап айтты. Қазір бағаның қолдан көтеріліп жатқанын Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы да мойындап отыр. Ермек Мүсіреповтың айтуынша жыл басынан бері пәтер құны 5-10 пайызға өскен. Тағы қымбаттамас үшін пәтерлердің санатына қарай шекті баға белгілеуді ұсынып отыр.
Ермек Мүсірепов, Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы:
-Әсіресе эконом санатындағы баспаналардың бағасын реттеп, ең қымбат шекті құнын белгілеу керек. Ол баға құрылыс компаниясына да, сатып алушыларға да тиімді болуы тиіс. Мәселен, Алматыда бұл баға шамамен шаршы метрі үшін 300 мың теңгенің көлемінде.
Бұл бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді дейді сарапшы. Айтуынша қазіргі қымбатшылық уақытша. Жазға таман баға тұрақталып, 15 пайызға дейін арзандайды. Сондықтан қазір асығыстық танытудың қажеті жоқ деген пікірде. Айта кетейік, биыл елімізде 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу