Ресейден су сатып алуға қосымша қаржы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейден су сатып алуға қосымша қаржы керек

28.01.2021

Биыл Батыс Қазақстан облысына Ресейден 131 млн текше метр су керек. Алайда, қаржының жоқтығынан қажетті мөлшердің тек жартысын ғана сатып алу мүмкін болып тұр. Бюджеттен қосымша ақша бөлінбесе, арнасы суалған Жайықпен қоса, өңірдің оңтүстік аудандарындағы өзен-көлдер кеуіп, шаруалар тағы қиналмақ.

Ресейден былтыр 2 млрд теңгеге сатып алынған су өңірдегі 4 аудан халқының жұмырына жұқ та болмады. Өзендердің арнасы кеуіп, жайылым қурады. Кенезі кепкен мал балшыққа батып та өлді. Жаз бойы суға жарымаған Жаңақала жұртының көрген күні әлі осы. Ресейден келетін су күн сайын азайып барады.

Әділхан Бөкенов, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Жаз болса малдың ішетін суы жоқ. Су жоқ кесірінен жайылым, суармалы жерлерге су шықпағанның кесірінен шөп мәселесі қиындап, шөптерінің бәрін алыс аудандардан тасуда.

Еділдің суы Қараөзен мен Сарыөзен және Жәнібектің суландыру жүйесін толықтырады. Бұл аумақты миллионнан аса малы бар 80 мыңдай адам мекен етеді. Төрт түлікпен жан бағып отырған жұрттың мұңын халық қалаулысы Сенаттың мінберінен Үкіметке жеткізді.

Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Қалыптасқан жағдай судың жоқтығынан емес, керісінше Ресейдің бізге беруге дайын судың шығындарын өтеуге қаражаттың шешілмеуімен байланысты болып отыр. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы жоғарыдағы баяндалғандарды ескере отырып, 2021 жылдың ақпан-наурыз айларында бюджетті нақтылау кезінде облысқа жетіспейтін 131 млн текше метр көлеміндегі суды алуға қосымша 3 млрд 500 млн теңге қаражат бөледі деген сеніммен халық үміт күтуде.

Осы жылы су сатып алуға бөлінген қаржы - 1 млрд 964 млн теңге. Бұл небәрі 54 млн текше метр су алуға жетеді. Жәнібек каналын айтпағанда, Қараөзен мен Сарыөзенге жоқ дегенде 79 млн текше метр су керек.

Шымболат Ермағамбетов, бас инженер-гидротехник:
-79 млн деген біздің өзендердің ағынын ғана сақтау, сонан соң өзен бойларында орналасқан ауыз су қондырғыларына таза су берудің қамын ойластырған нәрсеге ғана жеткілікті көлем. Егерде 181 млн алатын болсақ кеуіп қалған өзіміздің су қоймаларымызды, сосын қосымша көлдерді де толтырар едік.

Әрі өңірде мал және балық шаруашылығының өріс алуына мүмкіндік туар еді. Өз кезегінде Ресей тарапының жыл сайын судың текше метрін 9-дан 12 пайызға дейін өсіруі де мәселені қиындата түсуде.

Рауан Диәли


Хабарламаларға жазылу