Коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың бәріне электронды төлқұжат беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың бәріне электронды төлқұжат беріледі

29.01.2021

Бірер күнде Ресейден 2 млн дозадан астам «Спутник V» вакцинасы келеді. Әр қорапта 5 дозадан болады, яғни бір флаконды ашқанда бірден 5 адамға екпе салдырту керек. Сондықтан кезекке алдын ала тіркеп, әр дозаның жарамсыз болып қалмауын қадағалау қажет. Азаматтар да жауапкершілікті сезінуі керек дейді мамандар. Әр қазақстандыққа вакцинаға арналған электронды паспорт беріледі. Бұл құжатта қандай препарат қабылдағаны, мөлшері, күні, екпеден кейінгі жағдайы жазылады.

Бірінші дозадан кейін 2 апта ішінде вирустан жартылай қорғаныс қалыптаса бастайды. Ал 21 күннен кейін толық антидене қалыптасу үшін екінші дозаны салдыру керек. КВИ вакцинасы да өзге екпелер сияқты 1 жылға дейін күшін жоймайды.

18 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан азаматтарға, аяғы ауыр, емізулі баласы бар келіншектерге, ауыр аллергиялық реакциясы бар науқастарға екпе салдыртуға тыйым салынады. Ал қант диабеті, өкпенің қабынуы, бүйрек пен бауыр, жүрек қан-тамыр аурулары бар науқастар аса сақтықпен, толық тексерістен өткеннен кейін ғана препаратты қабылдауы керек. Вакцина салдыртқан адам вирус жұқтырмағанымен оны тасымалдаушы болуы әбден мүмкін. Сондықтан мамандар екпеден кейін де карантин шараларын сақтауға шақырады. 

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ СЭБ Комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы:
Бастапқы 3 күн медициналық бақылауда боласыз. Вакцина салдыру еркін түрде болатынын айта кетейін. Кез келген адамның бас тартуға құқысы бар. Бірақ вакцинация бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы ең тиімді әрі жалғыз тәсіл.   

Сондай-ақ екпе тек мемлекеттік емханаларда ғана қолжетімді. Ақылы орталықтарға жеткізілмейді. Коронавируспен ауырған адам 6 айдан соң, яғни антидене өз күшін жойғаннан кейін егіледі. Ал тұмауға қарсы екпе алған адам ковидқа қарсы вакцинаны да салдырғаны жөн. Себебі әр екпе бағытталған ауруға қарсы ғана жұмыс істейді. Бүгінде АҚШ, Қытай, Ұлыбритания елдері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырудан көш бастап тұр. 

Ақниет Балтанова

коронавирус вакцина

Хабарламаларға жазылу