Сыр өңірінде вакцина жасайтын 400-ге жуық маман арнайы оқу курсынан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде вакцина жасайтын 400-ге жуық маман арнайы оқу курсынан өтті

29.01.2021

Бүгінде еліміздің барлық аймағында екпе егу науқанына қызу дайындық жүріп жатыр. Медициналық ұйымдар бекітіліп, мамандар арнайы курстардан өтуде.

Сыр өңірінде алғашқы кезде 80 мың адамға екпе егу жоспарлануда. Ол үшін емдеу мекемелерінен 154 кабинет дайындалды. Мұнан бөлек, 64 медициналық бригада шалғай елді мекендерге барып екпе жасауға әзір. Осыған орай, 400-ге жуық медицина маманы алдын ала арнайы оқу курсынан өтіп, дәріс алды. Ресейлік вакцина жақын күндері облысқа жеткізілмек.

Жамбылда 18 бен 64 жас аралығындағы 600 мың тұрғынға екпе салынбақ. Әуелі ақпан айында ресейлік «Спутник V» вакцинасы 5 мың тұрғынға егіледі. Ал, наурыз-маусым айларында 95 мың адам қамтылмақ. Қалған бес жүз мыңға жуық тұрғынға отандық вакцина салынады деп жоспарланған. Жаппай егу науқанына екі жарым милиард теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ.

Ақмола облысында бүгінде коронавирусқа қарсы екпе салатын 24 орын дайын. Өңірге ресейлік «Спутник V» екпесінің алғашқы 1100 дозасы бірер күнде әкелінеді. Вакцина алдымен жұқпалы ауруларды емдейтін медицина мамандарына және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдеріне жасалады. Жалпы аймақта вакцинациялауға мыңнан астам қызметкер жұмылдырылып, екпе салу орындары көбейтіледі.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу