Қызметтік көліктерге бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызметтік көліктерге бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады

29.01.2021

Қызметтік көліктерге бюджеттен қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Мемлекеттік орган басшылары тақымдаған темір тұлпарларды күтіп ұстауға бір жылда кемі 6 млн теңге кетеді. Бәрін қосса, миллиардттаған теңге елдің жыртығын жамауға емес, жайлы машина жалдауға жұмсалады. Президент қысқартуды талап етті.

Қазынаның есебіне көлік міну шен-шекпенділерге көрік бермейді. Өйткені бір қызметтік көліктің жылдық күтімі 6 млн теңге. Мысалы, Павлодар облысы әкімдігі 17 машина жалдайды. Көбі бизнес-класс және 3-еуі жол талғамайтын джип. Биыл барлығына 138 млн-ға жуық теңге бөлінді. Былтырдан 8 млн теңге ғана қысқарған.

Ал, Маңғыстау асып түсті. Тек екі айға 52 көлік үшін 45 млн-нан аса теңгеге келісім жасасқан. Әкімдік осы тәсілді тиімді санайды. Өйткені, өздері күтіп-ұстаса шығын көп.

Ғалия Кенжебаева, Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы:
-2020 жылдың 7 айында көліктерді жалға алу 158 млн теңге жұмсалса, 2019 жылдың сол кезеңінде күтіп-ұстауға 202 млн-нан астам қаржы жұмсалған екен. Демек 2020 жылы көліктерді жалға алу арқылы 43 млн теңге қаражат үнемделіп отыр.

12 млн-ға бір жеңіл көлік. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қалауы сол. Квазимемлекеттік сектор да қызметтік көлікке құмар. Тиісті министрлікке қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» компаниясынан қымбат көліктерге 41 млн-нан аса теңге қаралған. Тізбектесек ашық ақпарат көздерінде тізім көп. Демек, бюджетің басым бөлігі басшылардың көлігіне кетеді.

Президент мәселені бірқатар ел реттегенін айтты. Бізде де үлгісі бар. «Самұрық-Қазына» қоры мен Елорда әкімдігі таксиге көшкелі қыруар қаржы үнемдеді.

Нәлібек Шаяхметов, Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:
-Жоба іске асқалы 220 млн шығын қысқарды. Оның ішінде жұмысшылардың жалақысын беру, көлік жуу, жанар-жағармай құю, техникалық тексерістерден өткізу, жөндеу жұмыстары жүргізу. Сондай-ақ жабдықтарды сатып алу сияқты қызметтерден босатылды.

Аталған қор мен әкімдіктің қысқарған шығынын қосқанда 1,5 млрд теңге қазынада қалды. Сарапшылар осы сомаға орта есеппен 400 орындық 3 мектеп немесе 100 орындық 9 балабақша салуға болатынын айтады. Сонда саладағы көп проблема өзінен өзі шешілер еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Үкімет пен Президент іс басқармасы бірлесіп мемлекеттік орган басшыларын қызметтік көлікпен қамтудың жаңа тәртібі бойынша ұсыныс енгізуін тапсырамын. Ауқымды қысқарту жүргізілуі тиіс.

Бұған дейін қымбат көлік, тіпті жиһаздарды сатып алуға мораторий жарияланған. Алайда, айлалы басшылар темір тұлпарды меншіктеп алмағанымен жанға жайлысын жалдап жүр. Оған да тыйым салынды. Олардың енді нендей харекетке барарын тек уақыт көрсетеді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу