Актер Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Актер Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

31.01.2021

«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі», - деген екен Мұхтар Әуезов. Қазақ театр өнерінде шоқ жұлдыздай жарқыраған, талантымен ел ықыласына бөленген тұлғалар көп. Солардың бірі – дарынды актер, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев. Қазақ театр өнерінің майталманы 85 жаста. Санасы сергек, жадысы зерек. Қара шаңырақтың киелі сахнасында ұлттық және әлем классикасы, қазіргі заман драматургиясынан жүзден аса кейіпкерді шебер сомдады. Шығармашылық жолын комедия жанрында бастап, «Бөлтірік бөрік астында», «Құдалар келді», «Беу, қыздар-ай» спектакльдерінде ойнады.

Ал Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қартты 30 жасында үлкен кәсібилікпен орындап шықты. Сәбит Қоңырбайұлы 1960 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті. Ал ұлттық кинодағы салмақты, салиқалы рөлдері қоғамдық-әлеуметтік қуатымен ерекшеленеді. «Біржан сал», «Көшпенділер», «Жамбыл», «Абай» - фильмдеріндегі рольдері соның айғағы. Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.


Хабарламаларға жазылу