Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы «Sputnik V» вакцинасын салдырды
Егуден бұрын олар дәрігерлерге қаралып, тексеруден өтті. Бірінші болып вакцинаны бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов, одан кейін Ажар Ғиният алды.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Екпе ерікті түрде салынады.
Вакцинация препараттың келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мамандары егіледі.
Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады.
Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.
Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарланып отыр.
Коронавирусқа қарсы вакцина жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды.
Ал бірқатар ауруға шалдыққан азаматтар сақтықпен қолдану қажет. Олар:
- бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары;
- эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті);
- қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары;
- эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары;
- жүрек-қан тамыр аурулары;
- иммун тапшылығы;
- аутоиммунды аурулар;
- өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары;
- метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема;
- қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары.