Шығыс Қазақстанда екі адамды қасқыр талады. Оқыс оқиға Маралды ауылында болған. Түз тағысы ауыл тұрғыны мен оның 8-сыныпта оқитын ұлына дәл үйінің қасында тап берген. Жыртқышпен арпалысып жатқан әйелі мен баласына отағасы көмектесіп, қарсы шапқан қасқырды айырмен шаншып өлтірген. Зардап шеккен бала мен анаға дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, аудандық ауруханаға жеткізілді. Қасқыр ветеринарлық зертханаға жөнелтілді. Осы оқиғадан кейін оқушылар қараңғы түскенде жүрмесін деп мектепте екінші ауысым тоқтап, бір ауысымға көшу туралы шешім қабылданды.
Фархат Ожикенов, Маралды ауылдық округінің әкімі:
Сағат 21:30-да даладағы малды қораға кіргізу үшін әйелі және баласы шыққан. Сол кезде қасқыр әйелі мен баласына шабуыл жасап, жарақаттаған. Әйелі мен баласының айқайлаған дауысына айыр ұстап шыққан үй иесі қарсы атылған қасқырды шаншып өлтірген. Жұбайының оң қолын қасқыр жұлып әкеткен, баласының аяғын тістеген.
Берік Көшербай