Өңірлерде де коронавирусқа қарсы екпе егу қызу жүріп жатыр. Алғашқы күннен-ақ, ерікті түрде вакцина салдыруға бел буғандар жетерлік. Елдегі маңызды науқанның барысын аймақтардағы тілшілеріміз бақылап көрді.
Солтүстік Қазақстанға 1200 доза вакцина әкелінген. Өңір бойынша 19 емдеу мекемесінде екпе егіледі. Алдымен медицина қызметкерлеріне салынды. Солардың бірі, Нағима Құсайынова. «Жұқпалы індеттің құрығына түспеудің жолы – аурудың алдын алу» дейді ол.
Нағима Құсайынова, қалалық көпбейінді аурухана қызметкері:-Қорыққаным рас, бірақ, өзім үшін, айналамдағылар үшін керек екенін түсіндім. Аурудан сақтануымыз керек.
Ерікті түрде екпе салдыруға Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да өзі тіркелген емханаға келді. Дәрігерлердің кеңесін алып, вакцина салдырды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған Гүлшара Наушақызы әрбір тұрғынды вакциналаудан өтуге шақырды.
Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:- Тарихтан белгілі, әртүрлі індеттер болды. Содан құтқарған ол – бірінші вакцина. Сол себепті бірінші орында осы вакцинаны алып жатырмын.
Шығыс Қазақстанда бүгін таңертең бірінші болып облыстағы ана мен бала және перинаталдық орталықтың бас дәрігерлері екпе салдырды. COVID-19-ға қарсы вакцина жасату үшін өңірде 358 медицина қызметкері дайындалған. Екпе егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Әділбек Серікұлы