Өскемендегі жекеменшік балабақшалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі жекеменшік балабақшалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалды

06.12.2017

Кеше кешкісін бір топ адам мекеменің қоршауын бұзып, тас-талқан еткен. Аулаға баса көктей кірген трактор жолындағысын жапырып, ғимарат ішіндегі дүниені қиратқан. Бұзақыларды тоқтатпақ болған балабақша иесі сол жерде таяқ жеп, тіпті ауыр техниканың астында қалып қоя жаздайды.

Оқиға кеше кешкісін сағат жетілер шамасында болған. Жұмыс уақыты аяқталып, балалар үйіне қайтқан кезде «Азамат» балабақшасының ауласында айқай-шу басталады.  

Балабақша иесі күзетші хабарласқан соң дереу жеткен. Бұзақыларды тоқтатпақ болғанымен,  әрекетінен түк шықпаған. Керісінше соққыға жығылып, тәртіп сақшыларын көмекке шақырады.

Алмагүл Мыңбаева, «Азамат» балабақшасының иесі:

- Ұлыма бәрін видеоға түсір деп айттым. Бір уақытта бір қазақтың жігіті келді де менің иығымнан ұрып, итеріп кеп жібергенде, трактордың астына түсіп қала жаздадым. Қайта аяғымды тез жинап алып үлгердім.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары басбұзарларды тегіс қамауға алған. Бірақ, ұсталған азаматтар жайлы ешқандай ақпаратты жарияламай отыр.

Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз хатшысы:

- Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері осы оқиғаға қатысты барлық тұлғаларды ұстады. Қылмыстық Кодекстің 389-бабы 2-тармағы бойынша, яғни, өзінше билік жасау белгілері бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мектепке дейінгі мекеме жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл оқиға туралы ата-аналар таңертең балабақшаға келгенде бір-ақ білген. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт қолдарына плакат ұстап, наразылықтарын білдірді. Көпшілік бұл оқиғаға облыстық Мәслихат депутаты Анатолий Балушкиннің қатысы барына шүбә келтірмейді.

Гауһар Тауданбекова, ата-ана: 

- Депутат Балушкин осының бәрін істеп отыр. Енді бүгін міне, балаларымыздың бәрі далада қалды. 

Лиза Слямғалиева, балабақша әдіскері:

- Біздің қасымыздағы балабақшаның басшысы бәрін ұйымдастырған. Бұл балабақша істеп тұр, көрсеңіздер. Өздерінің балалары жүр. Сабақтарын оқып жатыр, білімдерін алып жатыр. Сонда біздің қай жеріміз кем?!

Халық қалаулысымен тілдесу мүмкін болмады. Ал, жапа шеккен кәсіпкер Алмагүл Мыңбаева ғимаратты 2006 жылы сатып алған. 2010 жылы мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақша ашқан. Содан бері мұнда 400-ге жуық бала тәрбиеленуде. 70-ке жуық қызметкер бар. Балабақша ертең күнделікті жұмысына кіріспек. Осы оқиғадан кейін бөбекжай ұжымымен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы күзет қоюды тапсырды.

 

Жанболат САНИЯЗ

Хабарламаларға жазылу