Коронавирусқа қарсы екпе салдыру жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы екпе салдыру жалғасып жатыр

02.02.2021

Тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинациялау еліміздің барлық аймағында жалғасып жатыр. Екпе ең алдымен жедел жәрдем, жұқпалы аурулар ауруханасы мен қабылдау бөлімінің қызметкерлеріне салынды.

Қостанайдағы нөмірі екінші емхана. Мамандар екпе жасар алдында оның ағзаға әсерін жан-жақты түсіндіруде. Егер адам өзін жайсыз сезінсе қалай әрекет ету қажеттігі де айтылады. Бұл вакцина егу барысындағы басты қағидаттардың бірі. Қостанай облысында алғашқы күні алпыс, бүгін 80 адамға адамға екпе жасалды.

Марат Дәуменов, облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
-Вакцинациялау коронавирустың алдын алу жолындағы басты бағыттардың бірі. Сондықтан келіп отырмыз. Вакцина алып, ауырмаудың жолын табу осы екеніне сенімдіміз.

Ал, Атырау облысында екі күнде 245 адам ға екпе салынды. Олардың 90 пайызы дәрігерлер. Мамандардың айтуынша олардың ешқайсының денсаулығы сыр бермеген.

Түркістан облыстық ауруханасындағы инфекциялық бөлімшенің аға медбикесі Эльмира Сейітова алғашқылардың бірі болып екпе салдырды. Күн сайын науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкері, «вакцина ектіру өзіңді де өзгені де қауіптен сақтау» деп есептейді.

Эльмира Сейітова, аға медбике:
-Пандемия кезінде көптеген науқастар, медицина қызметкерлері қиналды. Соның бәрін өз көзімізбен көрдік. Сол себепті мен вакцинаны жұқпалы аурулар бөлімінде істегендіктен, екінші науқастармен тікелей қатынаста болатындықтан салдырдым.

Түркістан облысында коронавирусқа қарсы екпені 250 медицина қызметкері салдырды. Жалпы облысқа 180 мың вакцина бөлінген.

Ал Талдықорғанда елуден астам адамға вакцина егілді. Басым бөлігі «қызыл» аймақта қызмет ететін медицина саласының қызметкерлері. Әзірге бұл өңірге 1450 доза әкелінген.

Асхат Шарапиев, Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары:
-Ақпанның ортасында Қарағанды фармацевтикалық зауытынан келеді. Екінші жартыжылдықта Қазақстанның өзінің шығарған вакциналарын қабылдаймыз.

Наурыз айында вакцина педагогтарға, сәуірден бастап өтініш білдірген азаматтарға ерікті түрде тегін салынады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу