Ауылдық округтердің бюджеті ұлғайтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдық округтердің бюджеті ұлғайтылады

03.02.2021

Ауылдық округтер бюджетінің бүйірі толатын болды. Бұл ең алдымен 4 салық есебінен жүзеге асырылмақ. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңашылдықтар жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешіп қана қоймай, ауылдағы ағайынның тұрмысына оң әсер етпек.

Жаңа заң бойынша әкім бюджетіне 20 пайызға дейін өзгерістер енгізе алады. Сонымен қатар, қазына резервін құра алады. Ол меншікті түсімдер көлемінің 10 пайызынан аспау керек. Аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдың еншісіне берілген 4 салық та жерге қатысты.

Олар бірыңғай жер салығы, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін кіріс, жалдау құқығын сатудан түсетін түсім. Болжам бойынша бұл салықтардан ауылдар бюджетіне 13 млрд теңгеге жуық қаржы түспек.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі :
-Процедура Салықтық төлемдерді жинау және қадағалау мемлекеттік кірестер органдарының құзырында болады. Бұл жерде ауыл әкімдігіне қосымша жұмыстар жүктелмейді. Қаржыны жұмсау, шығынды есептеу әкім аппаратына жүктеледі. Арнайы мамандар бар.

Құжаттың тағы бір жаңашылдығы - халық саны 500-ден асатын ауыл, кент, ауылдық округтерде әкім аппаратын құру көзделген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір елімізде тұрғындар саны бұдан аз 142 ауылдық округ бар екен.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Олардың өзінде қазір әкім аппараттары бар. Тиісті адамдар жұмыс істеп жатыр. Бұл норма қанша мемлекеттік қызметшіге әсер етеді? Оларды жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешілмек?

Аталған ауылдық округтерде қазір 300-ден астам мемлекеттік қызметкер бар. Ведомство басшысы, олардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайды деп сендірді.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Аппаратта қазір жұмыс істеп жатқан азаматтар ешқандай қысқартуға ұшырамайды. Оларды жақын ауылдарға немесе аудандағы құрылымдық бөлімшелерге ауыстыратын боламыз. Сонымен қатар, ауылдық округте 1 маман қалады. Ол тұрғындарды қабылдап, базалық қызмет көрсететін болады.

Жаңа құжатқа сәйкес, мәслихат депутаттары бюджет есебінен қайта даярлықтан өтуге және біліктілігін арттыра алады. Заң жобасы өңірлердің дербестігі мен жауапкершілік көтеруге мүмкіндік береді . Ауылдың әлеуметтік мәселелері ұтымды шешіледі. Бұл ретте әкімдерді де қайта даярлауға көңіл бөлінеді. Айта кетерлігі, заң жобасына дауыс беруде «Ақ жол» партиясы қалыс қалды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу