Жамбыл облысы Қаратау қаласында ерекше қабілетті қыз тұрады. Туғанынан сал ауруына шалдыққан жан аузымен сурет салып, кесте де тігеді. Оның картиналары бүгінде түрлі аукциондарға жолдама ала бастады. Ерекше қыздың қылқаламынан шыққан шығармаларына сұраныс жоғары.
Карантин кезінде картиналарын интернет арқылы саудалаған Аяжан Жуатай бүгінде бейнелеу өнеріне білек сыбана кіріскен. Республикалық байқауда бірінші орынды иемденген бір еңбегі Астанада өткен қайырымдылық аукционына шығарылған. Өзгеге пайдасы тиіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созған Аяжан үшін бұл - үлкен қуаныш.
Аяжан Жуатай, суретші:-Көбінесе анимация жанрын салғанды ұнатамын, персонаждарды, сосын табиғатты салғанды жақсы көрем, бұдан да мықты салуым керек деп шабыт аламын.
Қаратау қаласының тұрғыны бүлдіршін кезінен денсаулығына байланысты ерекше балаларға арналған интернатта оқыған. Алайда, оның талабы мен қабілеттеріне қарап, орта мектепке жолдама береді. Мектепті үздік бағамен бітірген ол қазір қанықты суреттер ғана салып қана қоймай, ине ұстап, кесте де тігеді. Ән салып, жыр да толғайды.
Айман Оразбекова, Аяжанның анасы:-Бұл қыз кішкентайынан ерекше болды. Өте көңілді жүреді, қайта мені көңілдендіріп өлең айтады.
Аяжанның ерекше дарынын байқаған ұстаздары оған үнемі бағыт-бағдар беріп отырған. Қазір мектепте Аяжан Жуатайдың шығармашылығына арналған шағын көрме де бар.
Мая Ысқақова:-Үлгерімі өте тамаша. Мен иформатикадан сабақ беріп, пернетақтадан ақ карандашты аузына салып алып қаріптерді тергенде таңғаласыз.
Бұған дейін жүздеген картина салған Аяжан оларды көбіне қайырымдылыққа я сыйлыққа берген. Әуесқой суретшінің «бұл хоббиін болашақта бизнеске айналдырсам» деген де ойы бар. Өйткені әлеуметтік желіге жарияланған шығармаларын сұрайтындар жетерлік. Сондықтан картиналарының басын құрап, қайырымдылық көрмесін ұйымдастырмақ ниетте.
Сәбит Әлдебай