Шығыс Қазақстанда жол апатынан екі медицина қызметкері қайтыс болды. Қайғылы оқиға «Өскемен-Семей» тас жолында болған. Ауа райының қолайсыздығынан жүк көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, жедел жәрдем көлігіне соғылған. Апат салдарынан екі медицина қызметкері оқиға орнында жан тәсілім еткен. 42 жастағы хирург және 49 жастағы анестезиолог Үржар аудандық ауруханасында жұмыс істеген. Олар жедел жәрдем көлігімен Семейге науқасты жеткізіп, кері қайтып бара жатқан. Қайтыс болған дәрігердің бірінің соңында 3 баласы, екіншісінің 2 баласы қалды. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде.
Андрей Ларионов, облыстық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары:-Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында полиция департаментінің жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сот сараптамасы тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қайтыс болған дәрігерлердің отбасына көңіл айтты. Екібастұз қаласының маңында жолаушылар мінген автобус аударылып қалды. Көлікте «Богатырь» көмір кенішінен түнгі кезектен шыққан 30 жұмысшы болған. Автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне ауып кеткен. Зардап шеккендер жоқ.
Берік Көшербай