Індетке шалдыққандардың тәуліктік көрсеткіші өткен аймен салыстырғанда 250 мыңнан 125 мыңға дейін азайған. Алайда мамандар «ковидтің» жаңа түрлері жағдайды ушықтыруы мүмкін дейді. Штаттарда бір күнде «оңтүстікафрикалық», «бразилиялық» және «британдық» штамм 546 адамнан табылған.
Еуропаны да мутацияға ұшыраған вирус дендеп тұр. Ұлыбританияда 10 миллиондай адам вакцина қабылдап үлгерсе де эпидахуал әлі жақсара қоймады. Биліктің хабарлауынша, вирустың таралуы бәсеңдесе, наурыздың 8-де мектептер ашылуы мүмкін.
Ал Испанияда пандемия кесірінен жұмыссыздық артып, 4 миллиондай адам табысынан айырылды. Мамандар бұл көрсеткіш әлі өсуі мүмкін дейді. Себебі «британдық» штамм өткен аптада 267 адамнан анықталғандықтан, қатаң талаптар әлі сақталуы мүмкін.