Ресей азаматы елімізде мемлекеттік қызмет атқарған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей азаматы елімізде мемлекеттік қызмет атқарған

04.02.2021

Шымкентте өзге елдің азаматтығын қабылдаған мемлекеттік қызметші әлі күнге білдей бір басқармаға басшылық жасап келеді. Полиция департаменті көші-қон басқармасының мәліметінше, Олег Почивалов осы жылдың 20 қаңтарында Қазақстан азаматтығынан айырылған. Ол былтыр маусым айынан бері дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. Басы дауға қалған шенеунік бір аптадан бері жұмыс орнында жоқ. Ресми органдардың сұраныс хатына жіберген жауабында көші-қон қызметі оның Ресей азаматы болып табылатын және Мәскеу облысы Красногорск қаласында тіркелгенін растады.

Гүлжан Нысанбаева Шымкент қаласы полиция департаменті көші қон қызметі басқармасының бөлім басшысы:
-Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туылған азамат Олег Почивалов ҚР азаматтық туралы Заңының 21-бабының 5 тармағының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайы тіркелді.

Стенд атудан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы саналатын Олег Подчиваловтың мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі жылға да жетпейді. Басқарма басшысының азаматтығына байланысты өткен жылдың аяғында да әріптестері ұжымдық арыз түсірген болатын. Бұл жайт әдеп кеңесінде қаралып, мемлекеттік қызметшіні жауапқа тарту туралы қала әкіміне ұсыныс жолданған.

Әли Көмекбаев, Мемлекеттік қызмет істер департаментінің басшысы:
-Ағымдағы мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес азаматтықтан шыққан болса ол жұмыстан шығаруға негіз болады. Уәкілетті органның түсіндірмесі бар біздің қолымызда. Соттың шешімін күтеміз.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу