Алматы облысында шатыры құлаған спорт кешенінің құрылысы бірнеше айдан бері тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында шатыры құлаған спорт кешенінің құрылысы бірнеше айдан бері тоқтап тұр

05.02.2021

Алматы облысының Шонжы ауылындағы шатыры құлаған денешынықтыру-сауықтыру кешенінде құрылыс жұмыстары со күйі тоқтап тұр. Былтыр қыркүйек айында жаңадан салынып жатқан ғимараттың төбесі ортасынан опырылып түскен еді. Содан бері мамандар қателіктің кімнен кеткенін тергеп-тексерумен әуре. 

Бұл Ұйғыр ауданының волейбол құрама командасы.Әр сала мамандарынан құралғанымен,өңірлік жарыстарда топ жарып келеді. Қазір балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығуға мәжбүр.  

Айдар Әшімханов, Ұйғыр аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Қол күрестен, пауерлифтинг, тоғызқұмалақтан, дзюдодан спортшыларымыз жақсы қазір. Әрине, спорт кешені салынып бітсе, ол жерде үлкен залдар болады. Төрт зал болады. Көрсеткіштер одан әрі жоғарлайды деп сенеміз. 

Тексеру барысында қателікті жобалаушылардың да, құрылысшылардың да жібергені анықталды. Сондай-ақ ғимараттың басқа да бөліктерін қайта бекіту керек  

Аят Сәбитов, Алматы облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
Құлаған үшінші блок қайтадан тұрғызылады. Бұдан бөлек бірінші және екінші блоктардың іргесін күшейту жұмыстары жүргізледі. Қазіргі таңда техникалық негіздемесін күтіп отырмыз. Келтірілген шығындарды мердігер кәсіпорын өзі өтейді. 

Құрылысты жандандыруға бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмайды. Ал шатыр құлағанда 55 млн теңге көлемінде шығын келген.  

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Құны бір миллиард теңгеден асатын спорт кешенінің қазіргі жағдайы осы. Шатыры құлады деп стадион сияқты басқа да бөліктерінің құрылысы тоқтап тұр. Ал жалпы нысан 2021 жылдың бірінші қаңтарында тапсырылуы керек болатын. Әзірше атқарушы билік қай уақытта жұмыстарының жанданатынын нақты айта алмайды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу