Шымкентте карантин мерзімі тағы екі аптаға созылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте карантин мерзімі тағы екі аптаға созылды

05.02.2021

Солтүстік Қазақстан облысында оқушылардың арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп, 5 мектеп карантинге жабылды. Жалпы оқу жылы басталғалы 495 шәкірттің індетке шалдыққаны анықталған. Олардың 200-ге жуығы - 3-інші тоқсанда ауырған. 106-сы мектепке барып жүрген балалар.
Әсет Жұматаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
-Коронавирустық инфекцияға байланысты Есіл ауданындағы Заградовка, Қызылжар ауданындағы Соколовка, Озерное, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарағанды ауылдарындағы орта мектеп пен Булаев қаласындағы мектеп-балабақша кешені қашықтан оқыту формасына көшірілді. 3-інші тоқсанда ауырған балалардың көбі мектепке барып оқыған.
Шымкентте карантиндік шектеу мерзімі 22 ақпанға дейін созылды. Келесі аптадан бастап букмекерлік кеңсе, лоторея, ойын клубтарының жұмысына қатаң тыйым салынады. Той-жиындар өткізбеу, жасы 65-тен асқандардың көшеге шығуын шектеу секілді талаптар сол күйі қалады. Жаңа қаулыда жеңілдіктер де бар. Енді қаладағы автовокзалдардағы шектеулер алынады. Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері екінші семестрді дәстүрлі түрде оқиды.

Сондай-ақ Павлодар облысында карантин талаптары тағы бір аптаға созылды. Демалыс күндері сауда орындары жұмыс істемейді, қоғамдық көлік қатынасына да шектеу қойылды. Дегенмен, соңғы күндері өңірде індет жұқтырғандардың саны сәл азайған. Апта басында 246 адам болса, бүгін вирус жұқтырған 225 адам тіркелді .

Ал Түркістан облысында керсінше демалыс және мереке күндері жабық базарлар мен қоғамдық тамақтану орындарының сондай-ақ, моншалар мен сауналардың қызметіне рұқсат етілді.

Хабарламаларға жазылу