Елде ауа райы күрт нашарлап, 17 бағыт бойынша тас жолдар жабылды. Әсіресе, елордадан Көкшетау, Қарағанды, Петропавл бағытына қарай жүруге көліктің барлық түріне тиым салынды. Казгидромет кеше 8 аймақта дауылды ескерту жариялаған еді.
Амангелді Сейітхан, тілші:Ақпанның алғашқы аптасы ашық әрі жылы болған еді. Бірақ, екінші апта ақ түтек боранмен басталды. Елордада таңертең көз аштырмай соққан қарлы боран әлі де ұйытқып тұр. Ал, қаланың сыртындағы жағдай бұдан да қиын. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі 17 бағыттағы тас жолдарды жапқан еді. Түс қайта олардың дені ашылды. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Қарағанды арасында қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан жол да жабық. Полицейлер көліктің бәрін кері қайтарып, тіпті 10-15 шақырымдағы ауылға барам деген азаматтардың өзін өткізбей жатыр.
Әсіресе, жүк көліктері қаздай тізіліп, кезек күтіп тұр. Кейбірі тіпті осы жерде де батып жатыр. Ал кеше түнде ескертуді елемей сапарға шығып кеткен 800-дей көлік жолда қалған. Дегенмен, оларға дер кезінде көмек көрсетілген. Қазір жолдарды тезірек ашу үшін 60-тан астам адам және 300 техника қар тазалап жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы штаб құрған. Ондағы мамандар сағат сайын барлық өңірдегі ауа райы мен жол қозғалысына қатысты ақпарат алып, соған сай шешім қабылдайды.
Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:Қазіргі сәтте Нұр-Сұлтан қаласынан барлық бағыттағы жол ашық, тек қана Қарағанды облысы жабық.
Амангелді Сейітхан, тілші:Қазгидрометтің болжамына сай, алдағы үш күнде елдің басым бөлігінде 30 градусқа дейін аяз болуы мүмкін. Шығыс жақта температура -33 градусқа дейін төмендесе, Батыста қар мен жаңбыр жауып, арты көктайғақ пен тұманға ұласуы мүмкін.