Венгрия Еуропа одағында бірінші болып, Ресейдің «Sputnik V» вакцинасын коронавирусқа қарсы қолдануға рұқсат берді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қытайдың Ухань қаласында осы індеттің пайда болу себептерін зерттеп жатыр. Олар теңіз өнімдерін сататын Хуанань базарының қауіпті инфекцияны таратудағы рөліне қатысты мәліметті сапар соңында жарияламақ.
Ал Оңтүстік Африка Республикасы ағылшындар мен шведтар бірлесіп жасаған «Астра-Зенека» вакцинасын егуді тоқтатты. Себебі ол препараттың ковидтің жаңа түрімен күресте тиімсіздігі анықталған.
Францияға тоқталсақ, онда төрт күннен бері коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Бұған дейін осындай ахуал Ұлыбританияда да байқалған еді.
Айта кетсек, бүгінде Covid-19-ды әлемде 106 миллионнан астам адам жұқтырып, 2 миллион 314 мыңдайы қайтыс болды.
Арыстан Рысбек