Қарағандыда іске қосылған «Спутник-V» вакцинасы өндірісінің мақсаты-коммерциялық пайда табу емес. Бұл негізінен халық үшін әлеуметтік маңызға ие жоба болып саналады,-дейді мамандар. Себебі түскен қаражат тек өндіріс шығынын ғана жабады. Фармацевтикалық кешен алғашқы 90 мың дозаны осы ақпан айының соңында ғана қолданысқа шығарады. Қазір вакцинаны ресми тіркеу жұмыстары жалғасуда.
Руслан Нұрланұлы, тілші:-«Спутник-V» вакцинасының негізгі субстанциясы Ресейден жеткізіледі. Кейін оған қосымша ерітінділер қосылып мынадай екі компонентті вакцинаның өзі жасалады. Дайын өнім Қазақстан мен Ресейдің зертханаларында тексеріледі.
Екпенің негізгі бөлігі Ресейден 14 күн ішінде жеткізіледі. Арнайы фармокологиялық тәртіппен жүзеге асырылатын тасымалдың өзіндік шығыны бар. Шикізаттан дайын өнімді жасау үшін де кәсіпорын қаражат жұмсайды.
Сергей Барон, фармацевтикалық кешеннің бас директоры:-Шығарылған өнімнің сапасын жартылай біздің фармацевтикалық кешенге қарасты зертханада анықтаймыз. Ал басқа көрсеткіштері Ресейдегі Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу институтының зертханасында тексеріледі. Содан соң ғана денсаулық сақтау министрлігінң бірыңғай дистрибьютеріне жеткізіледі. Өндірісінен бөлек тасымал шығыны көп. Бірақ бұл кірісті молайтуды көздеген емес, әлеуметтік маңызды жоба екенін атап өткіміз келеді.
Маусым айына дейін кәсіпорын өндіріс қуатын арттырып, айына 2 миллион дозаға дейін өнім шығармақ. Вакцина халық үшін тегін. Оны тоңазытқышта сапалы күйінде сақтау, тасымалдау ісіне баса мән берілген. Препарат екпе кабинетіне де арнайы термоконтейнермен жеткізіледі.
Аслан Шәуенов, цех басшысы:-Термоконтейнерге қосымша салқындатқыш элемент салынады. Оған қосымша термологер салынады. Ол температураны өлшейді. -20 градус болуы керек. Егер одан өзгерсе температура вакцина қолданылмайды. Жарамсыз болады.
Кәсіпорын тек өндіріспен ғана шектелмейді. Препаратқа қатысты халықтың пікіріне, өтініштері мен шағымдарына сараптама жасауды тоқтатпақ емес.
Руслан Нұрланұлы