Көліктің қаңқасы өрт-техникалық сараптамадан өткізу үшін облыс орталығына жеткізілді. Ал, отқа оранып қаза болған 52 өзбек азаматының мүрделерінің бәрін бірдей тану мүмкін болмады. «Марқұмдардың денелері отандарына жеткізілген соң ДНК сараптамасы жүргізіледі», - деді жауапты мамандар.
Рустам Джураев, Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі:
- Біз Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстанның Премьер-министріне, барлық министрліктер мен ведомстволар басшыларына алғысымызды білдіреміз. Бізге жергілікті жерде барлық жағдай жасалды. Үкіметтік деңгейде құрылған комиссияның жұмыс жасауына көмек көрсетілді, еш кедергі болған жоқ. Біз мүрделерді елімізге жеткіземіз. Қажет болған жағдайда сараптамалық жұмыстар жалғасады. Мүрделерді отбасы мүшелеріне тапсырамыз.
Ал, апаттан аман қалған бес адам әлі де ауруханада жатыр. Жағдайлары жақсы. Ақтөбеде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жолдарда бақылау күшейді. Жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктердің техникалық жағдайы тексерілуде.
Райгүл ЕНШІБАЙ