ШҚО: Айыртау ауылының халқы орталық су жүйесі бола тұра ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО: Айыртау ауылының халқы орталық су жүйесі бола тұра ауыз суға зәру

10.02.2021

Шығыс Қазақстан облысындағы Айыртау ауылының халқы орталық су жүйесі бола тұра ауыз суға зәру. Елді мекен тұрғындары шағымын Ұлттық арнаға жеткізді. Ал ресми мәлімет бойынша, өңір халқын сапалы сумен қамту көрсеткіші жыл өткен сайын артып келеді. Құжаттағы сандар мен іс жүзіндегі жағдайдың сәйкеспейтіндігіне әріптесім Берік Көшербай көз жеткізді.

500-ге тарта түтіні бар Айыртау ауылының бірнеше көшесін бойлай орталық су жүйесі бұрыннан бар. Десе де былтыр 16 миллион теңге бөлініп, ескі құбыр жаңартылды. Бірақ тұрғындар тіршілік нәрін со күйі ауыл шетіндегі бастаудан тасып ішеді.

Сәулет Иманбаева, Айыртау ауылының тұрғыны:
-Тұзы көп, ішуге жарамайды. Сүт іріп кетеді. Мал суаруға, моншаға пайдаланады.

Судың сапасыз екенін ауыл әкімі де растап отыр.Тіпті арнайы мамандарды шақыртып сараптама жасатқан.

Нұржан Ақтанов, Айыртау ауылдық округінің әкімі:
-Сараптама қорытындысы бойынша, су сапасы өте жаман емес. Ішуге болады деп берген. Бірақ халық тұзды су деп ішпей отыр.

Катон-Қарағай ауданындағы Қайыңды ауылында да құжат пен іс жүзіндегі жағдай сәйкеспейді. Тұрғындардың айтуынша, жер асты суларын барлау жұмыстарына жауапты мердігер жаңа ұңғыма қазбай, ескісін қоя салған. Млндап ақша жұмсалған іс тіпті сотқа да жетті. Тәуелсіз сарапшы бұл деректі растап отыр.

Әділет Ыбышев, инженер геофизик:
-19-шы метрде ескі құбыр және кабель жатыр. Бұрыннан қалған су құбыры. Құбырдың жағдайына қарасақ кеңес заманында жасалған.

Құжат бойынша жаңа ұңғыманың іс жүзінде ескі екендігі дәлелденді. Бұл орайда тендерді өткізген облыстық басқарма атқарылған жұмысты қабылдауға өзгелер жауапты деп отыр.

Арман Есентаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
-Біз тек қана тендер өткіземіз. Нәтижесін қабылдау үшін өңіраралық геология департаментіне жолдаймыз.

Жалпы соңғы 6 жылда облыстағы 263 ауылда жер асты суларын барлау жұмыстары жүргізілді. Бұған бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Сол себепті де болар, осы салада жүрген кәсіпкерлер тендерге таласып, әділдікті соттан іздеп әлек. Ал таза судан тарыққан тұрғындар болса, бастау жағалап жүр.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу