Маңғыстауда 70 -ке жуық шаруашылық жұмысшы күшінің жоқтығынан, көктемгі егін науқанына дайындықты бастай алмай отыр. Жыл сайын егін алқаптарында шет ел азаматтары еңбек ететін, пандемия басталғалы сырттан келетін жұмыс күші жоқ. Ал, екі қолға бір күрек таппай жүрген жергілікті азаматтар қара жұмысқа құлықсыз.
Төлеген Жалмұрат былтыр 10 гектар аумақтағы бағын күтіп-ұстайтын жұмысшы таба алмай, ақыры шығынға батты. Бір түп алма ағашының өзі 10-12 келі жеміс беретін. Уақытында жиналмаған өнімді кептіріп тапсыруға ғана шамасы келді.
Төлеген Жалмұрат, шаруа қожалығының иесі:
Қарақалпақ, өзбек, қырғыз ағайындар келіп жұмыс жасайды. Соларға біздер тәуелдіміз. Маған 10-12 адам керек. Біздер былтыр да еге алмай қалдық.
Бұл – тұтас өңірдің өзекті мәселесі болып тұр. 2019 жылы бір ғана Қарақия ауданына шетелден 2 мың жұмысшы келген. Ал, өзге елден өңірге кеп нәпақасын тапқандардың жалпы саны 72 мыңнан асады. Жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар 16 мың 400 ғана. Ауылшаруашылығынан гөрі көпшілік ақшасы көп мұнай саласына барғанды қалайды. Шаруаны қинайтын мәселе жалғыз бұл емес.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
-Міне бұл жыл 12 ай бойы көкөніс егуге арналған жылыжай. Алайда, қаңырап бос тұр. Өйткені, мұнда жылу жоқ. Шаруалардың көбісінде, осындай жылыжай бар. Жылудың жоқтықтан олар бұлар қыста жабық тұрады. Егін тек жазда егіледі.
Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті билік бірнеше жыл бұрын газ құбырын тартамыз деп уәде берген. Алайда, нәтиже жоқ.
Марш Нұрланов, шаруа қожалығының иесі:
- Шешілмесе, егін қысқарады, басқа не істейміз. Үлгермейміз.
Өңірдегі 70-ке жуық шаруашылықтың жартысынан көбі Қарақия ауданында орналасқан. Жергілікті диқандар алдыңғы жылы 6 мың тонна көкөніс өсірсе, былтырғы көрсеткіш 5 есеге аз.
Әкім орынбасарының айтуынша, биыл жыл соңына дейін Жетібайдан Құрық ауылына дейін газ құбыры жүргізіледі. Сол кезде егін шаруашылықтарына да құбыр тартылмақ.
Аягөз Оралбайқызы