Кеше Астанадағы тергеу изоляторынан қашып кеткен Ерасыл Арғынбаевты іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары күшейтілген режимге көшірілді. Бұл - тергеу изоляторынан күдікті қашып кеткен соңғы жылдардағы алғашқы жағдай.
ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, ол тергеу изоляторындағы серуендеу алаңында жүріп сол жердегі бір қабатты ғимараттың шатырына шыққан. Сол жерден қосымша қоршаудан және артынша басты қоршаудан секіріп қашып кеткен. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы әуежай, теміржол, автобус вокзалы және де барлық бағытта шығатын көлік жолдары тексеріліп жатыр. Бұл жердегі көліктердің іші және жүк салғышындағы сөмкелер, барлығы толық тексерілуде. Сондай-ақ, Ерасыл Арғымбаевтың болуы мүмкін деген жерлердің барлығы тәртіп сақшыларының назарына алынған. Ол Қарағанды облысындағы Нұра ауданының тұрғыны. 1982 жылы туған. Бұған дейін бірнеше рет сотталған. Тәртіп сақшылары қылмыскер қолға түскенге дейін осындай күшейтілген режимде жұмыс істейтіндерін жеткізді. Ал, ІІМ өкілдері болса, бізге әзір сұхбат бермейтіндіктерін айтты.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ