Қорғалжын ауылының әкімі мектеп оқушысын ұрып-соққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қорғалжын ауылының әкімі мектеп оқушысын ұрып-соққан

26.02.2018

Ауыл әкімі сегізінші сыныптың шапқылап жүрген баласын ауруханадан бір-ақ шығарды. Ақмола облысы Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров оқушыны ұрып-соқты деп айыпталуда. 14 жастағы Диас Мұқановтың анасы Айгүл Бекжанованың әлеуметтік желіде жазған жазбасынан кейін көпшілік билік өкілін қызметтен қуып, заң алдында жауап беруін талап етуде. Ел басқаруы тиіс адамның мұндай әрекетке баруына не себеп?  Еңгезердей ересек адамнан таяқ жеген жасөспірімнің қал-жағдайы қалай? 

Бұл оқиға бейсенбі күні Қорғалжың ауылындағы Ақтан Төлебаев атындағы мектепте болған. 8-сыныптың оқушысы «інімнің иығынан қағып кеттің» деген себеппен 7-сыныптың баласын ұрып-жығып, көзін көгертеді. Мұғалімдердің айтуынша, мәселе сол жерде шешіліп, олар татуласқандай болған. Алайда, араға 1,5 сағат салып 7-сынып оқушысының әкесі, яғни осы ауылдық округтің әкімі Жанат Омаров мектепке келіп, Диас Мұқановқа күш көрсетпек болған.

Интернатқа қарай екпіндеп бара жатқан әкімді мұғалімдер тоқтатпақ болғанымен, үлгере алмай қалады.

Оқиғаның өзі мектеп-интернатының бірінші бөлмесінде болған. Ашуға булыққан әкім есіктен баса-көктеп кіріп, бөлменің ортасындағы төсекке беттейді. Диас сол кезде осы жерде отырған. Мұғалімдердің сөзінше, әкім мырза шапалақпен ұра бермек болған кезде 8-сынып оқушысы одан қашып құтылмақ болып, төсек басындағы шкафқа басымен ұрынады. Сөйтіп, есінен танған.

Анар Оралбекова, А.Төлеубаев атындағы мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Құлап жатқан баланы Жанат аяғымен бір рет нұқып қалады. Содан кейін мен баланы өз денеммен жаптым. Мектеп директоры келіп, Жанатты өз кабинетіне алып кетеді.

Жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға түскен жасөспірімге миы шайқалған деген диагноз қойылды. Бірнеше күннен кейін ол Астана қаласындағы нөмірі №2 ауруханаға  ауыстырылды. «Қазіргі таңда баланың жағдайы бірқалыпты», - дейді дәрігерлер.

Ұлықбек Асылбеков, дәрігер:

- Емделіп жатқан баланың халін білуге келген Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева бұл оқиғаны қатаң түрде айыптады. Оның пікірінше, мұндай нәрсеге жол берген адамдарға мемлекеттік қызметте орын жоқ.

Ал, жапа шеккен баланың анасы Айгүл Бекжанова ауыл әкімінің бұл туралы тіс жармауға үгіт жасағанын айтады. Дегенмен, ол баласын тепкіге алған адамның тиісті жазасын алуын сұрап отыр.

Жанат Омаровтың бұл жағдайға байланысты қандай да бір пікрін сұрамақ болып, үйіне барғанымызда, есіктегі құлыпты ғана көріп қайттық. Ал, ұялы телефоны өшірулі. Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы бойыншы іс қозғалды.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу