Соколовка ауылында шектеу шаралары күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соколовка ауылында шектеу шаралары күшейді

15.02.2021

Еліміз бойынша Павлодар облысы ғана «қызыл» аймақта. Әйтсе де, өңірде індетке шалдыққандар саны азайды. Ал, Ақтөбеде мешіттерде 100 адамға дейін жиналып бес уақыт намаз оқуға, сондай-ақ, орта және жоғарғы оқу ұйымдарындағы асханалардың жұмысына рұқсат берілді.

Солтүстік Қазақстандағы Қызылжар ауданына қарасты 1600 тұрғыны бар Соколовка ауылында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 18-ге жетті. Осыған байланысты тұрғындардың бір-біріне қонаққа баруына, көшеде 3 адамнан артық топтасуына тыйым салынды. Мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті. Тағы екі ауылда эпидахуалдың ушығуына байланысты оқушылар онлайн оқиды.

Ақмола облысында өткен тәулікте 9 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Дегенмен, балалар арасында ауру жұқтырғандар саны біртіндеп азайып келеді. Көкшетауда карантинге жабылған бес мектеп бүгін қайта ашылып, балалар дәстүрлі форматта оқып жатыр. 1-інші ақпаннан бері облыста 72 мектеп карантинге жабылған болатын.

Ал, Павлодар облысы еліміздегі «қызыл» аумақтағы жалғыз өңір. Соңғы тәулікте 101 адам індетке шалдыққан. Ал, 10 күн бұрын ауру жұқтарғандар саны 200-ден төмен түспей қойған еді. Аурудың таралу көрсеткіші 7,4 пайыз. Облыс «сары» аумаққа өткен жағдайдың өзінде карантиндік шектеулер бірден жеңілдетілмейді. Екі апта бойы эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда болады.

Алматыда бүгіннен бастап карантин жеңілдеді. Атап айтқанда ашық сауда орындарының апта бойы жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Сауда ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындары келушілерге таңғы жетіден түнгі 11-ге дейін қызмет көрсете алады. Сыйымдылығы 50 адамға дейінгі мәдени нысандар мен концерт залдарының жұмысына шектеу жоқ.


Хабарламаларға жазылу