Қазақстандық жігіт Илон Маск ұйымдастырған байқаудың финалына өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық жігіт Илон Маск ұйымдастырған байқаудың финалына өтті

16.02.2021
Қазақстандық жігіт Илон Маск ұйымдастырған байқаудың финалына өтті

Қазақстандық Санжар Тайжан өз компаниясымен Илон Маск ұйымдастырған «Not-A-Boring Competition» байқауының финалына шықты.

Ол командасымен бірге бензинмен жүретін автомобильдерді батареямен қозғалатын электр көліктері етіп, қайта жаңғыртады. Қазақстандық өнертапқыш машинаның прототипін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа көрсетті.


«Қазір электр көлігі жақсы ауа райында 100 шақырымнан астам қашықтыққа жүре алады. Біз ол қашықтықты 500-600 шақырымға дейін арттыра аламыз. Көлік кәдімгі 220 вольттық резеткіден қуат алады. Біздің басты мақсатымыз - электромобильдердің қазақстандық брендін жасау. Жақын арада дизайны мүлдем жаңа 30 үлгісін әзірлеп, осы модельге 200-ден астам патент алуды жоспарлап отырмыз», - деді өнертапқыш.

Стартап ең алдымен таксиді қоса алғанда еліміздегі қоғамдық көлікті электр түріне ауыстыруды көздейді.

Жалпы, байқау 2020 жылдың 8 шілдесінде жарияланған. Байқау шарты бойынша қатысушылар Hyperloop (вакуумдық пойыз жобасы) және Tesla электромобилдеріне арналған тоннельдердің құнын төмендетіп, құрылысын тездететін технология құруы керек.


Хабарламаларға жазылу