Елімізде балалардың шамамен 65%-ы спортпен айналыспайды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Сергей Решетников мәлімдеді. Салдарынан 7-16 жас аралығындағы әрбір бесінші жеткіншек семіздік ауруына шалдыққан. Жас ұрпақтың спортқа қызықпауының себебі неде? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Ақниет Балтанова тарқатады.
Алматылық Рамина аптасына 3 рет қызын мәнерлеп сырғанау үйірмесіне әкеледі. Бағасы қымбат болғандықтан, екінші баласын спорттық секцияларға қатыстыра алмай жүр.
Рамина Искандерова, ата-ана:
Ақысы 70 мың шамасында. Қазақстандағы орташа жалақы мөлшерін білесіздер. Ендеше, мұнда келуге әркімнің бірдей қалтасы көтере бермейді.
Халық қалаулысы Сергей Решетников те осы мәселені Мәжіліс отырысында көтеріп, депутаттық сауал жолдады.
Елімізде балалардың 65%-ы спорттық үйірмелерге бармайды. Себебі тегін секцияларда орын жоқ, ал ақылы үйірмелер қымбат дейді ол.
Сергей Решетников, ҚР Мәжіліс депутаты:
Аула спортына көбірек көңіл бөлу керек. Әр үйдің жанында спорттық секциялар жұмыс істесе, әр балаға қолжетімді болса деймін. Ауылды жерлердегі кейбір мектептерде тіпті спортзал жоқ. Мықты жаттықтырушы, мықты маман дайындау жағы да ақсап тұр. Спортқа қызықпайды деп ата-ана мен баланы кінәләй алмаймыз. Үкімет мүмкіндік жасау керек.
Дәрігерлер жасөспірімдер арасында семіздік пен көз ауруы белең алып барады деп дабыл қағуда. Себеп - қимыл-қозғалыстың аздығы, физикалық белсенділіктің төмендігі.
Раушан Құлжабаева, жоғары санатты педиатр, офтальмолог:
Қазір 7-16 жас аралығындағы әрбір бесінші балада семіздік ауруы кездеседі. Гаджеттердің көптеп қолданылуы, балалардың дұрыс емес тамақтануы, фасфудтарды балалар жиі жеп жатады. Балалардың қимыл қозғалысы аз.
Елімізде жасөспірімдерге арналған спорттық орталықтар -107. Балалар спорт клубы – 579. Бұл Республикадағы 17 жасқа дейінгі 6 млн жасөспірім үшін жеткіліксіз. Сондықтан биыл балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа тарту және спорт клубтарын көбейту мақсатында бюджеттен 10 млрд теңге қаражат бөлінді.
Ақниет Балтанова, тілші:
Халық қалаулысы мынадай жаттығу алаңдарын тек мегаполистерде емес, ауыл, аудандар да қолжетімді ету керек дейді. Сондай-ақ, балалар спортына бөлінген қаражаттың дұрыс бағытта жұмсалуын қадағалау қажет. Сергей Решетников депутаттық сауалға 1 ай ішінде жауап алады. Түйткілді толыққанды шешу үшін, әлі талай жұмыстар атқаруға дайын. Ал қабылданған шешім мен бұл салада атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да біздің назарда болмақ.
Ақниет Балтанова