Әлемнің бірнеше елі қар құрсауында. Түркияның ірі қаласы Ыстамбұлда боранға байланысты мектептер жабылып, көлік қатынасы қиындаған. Әйгілі Босфор бұғазы уақытша бөгелді. Алып мегаполиске түскен қардың қалыңдығы 50 сантиметрге жеткен. Соның салдарынан жүздеген ағаш құлады. Дегенмен, қала әуежайлары қалыпты жұмыс істеп тұр.
Мәскеуде де осыған ұқсас ахуал. Мұнда көлік қызметі тежеліп, бірталай авиарейстердің ұшуы кейінге шегерілді. Ауа-райының қолайсыздығынан жол апаттары да көбейген. Көшелерді тазалауға 60 мыңдай адам тартылып отыр. Ресей астанасына соңғы рет мұнша көп қар 1973 жылы жауған екен.
Владислав, Мәскеу тұрғыны:Мен бұл жайында жаңалықтардан естідім. Барлық жол қызметтері қала орталығын қардан тазартуға жөнелтілген. Тұрғындар аудандарына жұмыс күші жетпей жатқан тәрізді.
АҚШ-тың бірнеше штаты да ақ мамыққа оранды. Боран мен үскірік аяздан елдің орталық және шығыс бөліктері зардап шегіп отыр. Ал, Техаста температура 28 градусқа дейін төмендеді. Жылуға сұраныс артып, электр станциялары істен шығып, 3 миллионға жуық тұтынушы жарықсыз қалды.
Арыстан Рысбек